СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ ШЫМКЕНТТЕГІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

👁‍🗨  

СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ ШЫМКЕНТТЕГІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкентке іссапары аясында Халықты жұмыспен қамту орталығына барып, оның жұмысымен танысты. Сондай-ақ сенаторлар атаулы әлеуметтік көмекке байланысты ақпараттық-түсіндіру жұмысын өткізді.

Жауапты мамандардың айтуынша, Шымкентте АӘК-ге құжаттар тапсыру 2020 жылдың 5 қаңтарында басталды. АӘК-ге өтініш білдіруші тегінің (фамилия) бірінші әрпі бойынша қабылданады.

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкерлері 4 аудан бойынша АӘК-ті белсенді алушылардың алфавит тәртібіндегі кестесін жасаған. Бұл кесте халық арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін аудан әкімдіктерінің тиісті бөлімдеріне жолданды.

Айта кетсек, елімізде атаулы әлеуметтік көмек берудің қолданыстағы жүйесін өзгертетін заң жобасы әзірленді, Мемлекет бірінші кезекте балаларға және көп балалы отбасыларға көмектеседі. Ұсынылып отырған жаңа ұстанымдар:
— көпбалалы аналарды қолдауды;
— жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмекті;
— кепілді әлеуметтік көмекті қамтитын болады.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардағы балаларға заттай қолдауды қамтитын әлеуметтік кепілдендірілген пакетті беру ұсынылды. Мектепке дейінгі жастағы балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен қамтамасыз етілмек. Ал оқушы балалар үшін мектептерде тегін ыстық тамақ, күнделікті мектепке дейінгі жол, сондай-ақ мектеп формасы мен оқу құралдары мемлекет есебінен беріледі.