СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ ШЫМКЕНТТЕГІ КАРДИО ОРТАЛЫҚТЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

👁‍🗨  

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова жұмыс сапарын Шымкент қаласындағы кардиологиялық орталығында жалғастырып, жұмысымен танысты.

Мұнда негізінен жүрек-қан тамыры ауруларымен ауыратын науқастарға көмек көрсетеді. 2019 жылы 4718 адам ем алса, 625 науқастың жүрегіне ота жасалған. Кардио орталыққа тек Шымкент қаласы ғана емес, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл өңірлерінің тұрғындары да ем алуға келеді. Науқастарға 300-ден аса дәрігер қызмет көрсетеді. Дәрігерлердің алды шет елдерде білім алған.

Сенатор Нұрлан Бекназаров орталықтың директоры Ермағамбет Қуатбаевқа өзекті мәселелер болса жасырмай айтуды және Үкімет Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жайлы пікірін сұрады.

Шымкент қаласындағы кардиологиялық орталығының басшысы Е.Мұханұлы маңызды медициналық құрылғылардың ескіргенін, МРТ аппараттарын жаңарту керектігін (10 жылдан бері қолданыста) және ғимаратты кеңейту немесе жаңасы қажеттігін жеткізді.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев медициналық көмектің сапасын жақсарту, алғашқы медициналық-санитариялық көмекке жұмсалатын шығыстарды 60 пайызға дейін ұлғайту бойынша нақты тапсырмалар берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бойынша шаралар қабылдауды, медициналық ұйымдардың қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды. Жалпы денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы халқымызға көп пайдасын береді деп сенемін. Медициналық инфрақұрылымды жақсартуға және ауру-сырқаудың деңгейін азайтуға мол мүмкіндік болары анық. Менде аталған бағдарламаға өз үлесімді қосамын», — деді қалалық кардиологиялық орталықтың басшысы Е.Қуатбаев.