СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелерімен кездесті.

Мегаполиске жұмыс сапарымен келген сенаторлар кеңес мүшелерімен пікір алмасып, қоғамдық кеңес институтының жұмысын жетілдіру, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына сараптамалық бақылау мәселелері бойынша ой бөлісті.

Жиында Нұрлан Құдиярұлы Қоғамдық Кеңес 2016 жылдан беру кеңестер туралы заңға сәйкес құрылып, қоғамға қажетті жұмыс атқарып жатқанын, сонда да әлі де жұмысты жетілдіре түсу қажеттігіне тоқталды.

– Өзіміз сайланған өңірдің тыныс-тіршілігімен танысуымыз керек. Жүргізіліп отырған жұмыстар, өзекті мәселелерден хабардар болып отыруымыз қажет. Президент тапсырмасына сәйкес және Үкімет тарапынан Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының дамуына көп көңіл бөлінуде. Ал қоғамдық кеңес институты – билік пен қоғам арасында алтын көпір болуы тиіс. Қоғамдық кеңестің функцияларын жетілдіру бойынша ұсыныстарыңызды айтыңыздар. Қоғамдық кеңес әрі қарай да қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса береді деп сенемін, – деді Нұрлан Құдиярұлы.

Айгүл Жарылқасынқызы өңірдегі әлеуметтік қолдау шараларына көбірек көңіл бөлу қажеттігін айтты.
– Қоғамдық кеңестің ықпалы мен рөлі жыл сайын күшейіп келеді. Елімізде әлеуметтік реформалар жүргізілуде, жаңа әлеуметтік көзқарас қажеттігі туындап отыр. Осы мәселеде сіздерге артылатын жүк көп деп ойлаймын, – деді Айгүл Жарылқасынқызы.

Жиында кеңес мүшесі Ж.Өтеген Сенат депутаттарына не себепті Қоғамдық кеңестік құрамында әкімдік өкілдерінің барлығы, 21 мың теңге АӘК алуға құжат тапсыру үшін жұмыспен қамту орталығындағы қиындықтар және жекеменшік бала-бақшалардағы олқылықтар жөнінде өз сұрақтарын қойды.
Сауалдарға Нұрлан Бекназаров былай деп жауап берді.

Қоғамдық кеңестің құрамын заңға сәйкес мәслихат бекітеді және оның құрамының санына шектеу қойылмайды, яғни қажет деген үміткерлерді ережені сақтау отырып қоғамдық кеңестің мүшелігіне қосымша енгізуге болады. Атаулы әлеуметтік көмек бойынша жұмыспен қамту орталығының жұмысымен таныстым. Ондағы мәселелер әлеуметтік көмек алуға үміткерлердің санының күрт ұлғаюына, сонымен қатар құжаттарды іріктейтін арнайы компьютерлік бағдарлама осы күнге дейін толыққанды жұмыс істемей келген. Оны жауапты басқарма аталған проблеманы ретке келтіруде. Ал бала-бақшаға келер болсақ, кезінде «Балапан» бағдарламасы қабылданған кезде олардың санын көбейту мақсатында бөлінген ғимараттарға көп мән берілмегені рас. Алайда соңғы жылдары бұл мәселе де жолға қойылып келе жатқанын көріп жүрміз деп жауап берді. Оған қосымша Н.Бекназаров қоғамдық кеңес мүшелері қаладағы орын алып жатқан барлық бағыттағы проблемаларды, мұқият қарап жергілікті атқарушы биліктің алдында көтеріп, нақты шешу жолдарын қарастыруы қажет.
Жиында кеңес мүшелері де өз ойларын айтып, ұсыныстарын жеткізді.