Сайрамсу шатқалында экологиялық сенбілік өтті

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен #Birge#TazaQazaqstan экологиялық акциясы еліміздің барлық ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында ұйымдастырылады. Аталған игі шара Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында өтті.

Акцияға Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері, Төлеби ауданы әкімдігі мен мәслихатының, «Нұр Отан» партиясы ардагерлер кеңесінің және басқа да қоғамдық ұйымдар өкілдері, жергілікті кәсіпкерлер, Kaspi банк қызметкерлері, экологиялық ұйымдардың өкілдері, белсенділер, еріктілер, мектеп орманшылықтары қатысты.

Экологиялық сенбілік аясында өзендердің арнасы, туристік маршруттар, Төлеби филиалы Сайрамсу шатқалындағы ұзындығы 5 шақырым асфальт жол бойын, 3 шақырым өзен жағалауы және 8 демалыс алаңқайларын, (14 га) 2 кордон-демалыс үйлерінің, өткізу-тазалау бекетінің төңіректерінде, басқа да табиғи орындарда тазалау, тәртіпке келтіру, абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылды.

«Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Сахит Қынтаев аталған экологиялық акция азаматтарды Қазақстанның флорасы мен фаунасын сақтауға және экологиялық мәдениетінің дамуына септігін тигізетінін айтты.

Ұйымдастырылып отырған бұл акцияның маңызы өте зор. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бір мезетте барша қазақстандықтар игі іске ат салысып, бірліктің үлгісін көрсетті.