САЙРАМ – ПОТЕНЦИАЛЫ ЖОҒАРЫ АУДАН

Еліміздегі үшінші мегаполистің іргесінде орналасқан Сайрам ауданы туралы Түркістан облысы əкімінің орынбасары Ұлан Тəжібаев осылай деді.

Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Əкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Серік Қожаниязовтың қатысуымен Сайрам ауданының әкімі Ұ.Сәдібеков 2019 жылы атқарылған жұмыстар мен 2020 жылға жоспарланған шаруалар бойынша халыққа есеп беру кездесуі қорытындылады.

Уласбек Сəдібекұлы аудан экономикасына серпін беретін өнеркәсіп саласында 2019 жылы құны 2,0 млрд теңгелік 6 инвестициялық жоба іске қосылып, 166 жұмыс орны ашылғанын баяндады.

2019 жылы Сайрам ауданының кəсіпкерлік саласы үшін де жемісті жыл болды. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 450,0 млн теңге көлемінде 10 жобаға, ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 13 жобаға 1,8 млрд теңгеге қолдау көрсетілген.

– Өткен жылы мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында Манкент жəне Қарасу ауылдық округтерінде 280 орындық екі балабақша ашылды. Нәтижесінде, аудандағы балабақшамен қамту жоспары 100,0% орындалды, – деді аудан əкімі.

Айта кетейік, əлеуметтік салада «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 510 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, оның 260-ы шағын несие алып, өз ісін ашты.

Сондай-ақ, өткен жылы облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңгеге Ақсу ауылында салынған емхана мен медициналық жедел жәрдем станциясы ағымдағы жылдың 1 тоқсанында пайдалануға берілмек.

Сайрам ауданының əкімі өзекті мәселеге айналған ауыз сумен қамту жұмыстарын биыл 100% шешу үшін осы бағыттағы жұмыстарды жандандыратынын айтты. Сонымен қатар, елді мекендерді табиғи газбен қамту деңгейі 74%-ға жеткізілмек.

2020 жылы «JiaHond Biological Technology Co. Ltd» ЖШС-Өсімдік майын шығаратын зауыт – 40, «Жібек Жолы ЛТД» ЖШС «Жүнді бастапқы өңдеу» цехы – 12, ал «АЙКАН» ЖШС «Сарысуды өңдеп, құрғақ сүт пен сарысу ұнтағын шығаратын» зауыты биыл тағы 70 жұмыс орнын ұсынып, өндіріс өрісін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Одан бөлек, туризм саласында “Ontustik thermal resort” ЖШС-нің “Оңалту , сауықтыру орталығы ” жобасы іске асады, құны 500,0 млн теңге, жылына 3000 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар.

Аудан көлемінде жаңадан 100 га қарқынды бау егу («DALA FRUCT.kz» ЖШС, «Food production LTD» ЖШС ), «Нұрым Групп» ЖШС-гі мал бордақылау алаңының қуаттылығын 15 мың басқа жеткізіп, 11 га өнеркәсіптік жылыжай кешенін («Ecoinvest S.A» ЖШС) іске қосып, жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 82,0 млрд теңгеге жеткізу көзделуде.

Облыс әкімінің бастамасымен әзірленген «Қамқорлық» аймақтық бағдарламасы аясында көмекке аса мұқтаж 112 отбасы анықталды. Оның 19-ы дағдарыс жағдайында, 93-і тұрмысы қанағаттанарлықсыз. Тұрмыстың тауқыметін тартқан отбасыларға демеушілер, еріктілер тарапынан нақты көмек көрсету жоспарланған.

Есептік кездесу соңында аудан тұрғындары жер, сапалы жарық жəне асфальт төсеу жайындағы сұрақтарын қойып, мəселені шешу жағын қолға алуды ұсынды.

Ал Түркістан облысы əкімінің орынбасары Ұлан Қалқаманұлы тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтың бəрін жазып алғанын жəне бұл мəселелер бұған дейін де назарға алынғанын, алдағы уақытта күн тəртібіне қойылып, шешу жолдары қарастырылатынын айтты.

Сайрам ауданы əкімінің баспасөз қызметі.