РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: ШЫМКЕНТТЕ ДӘСТҮРІМІЗДІ ДӘРІПТЕЙТІН ҚОС КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕР РӘСІМІ ӨТТІ

Шымкентте әр қазақтың үйінің төрінде тұруы тиіс тағы қос кітап жарық көрді. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Дәстүрім – асыл қазынам» энциклопедиялық жинағы мен «Ұлттық киімдер» атты (альбом) кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.

Ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерімізді, жөн-жоралғыларымызды, ұлттық ойындарды, рухани мұраларымызды насихаттап, қайта жаңғырту, қазіргі жаһандану уақытында тарих қойнауында жатқан асыл қазынамызды ұлт игілігіне жарату мақсатында ұсынылып отырған еңбектің құндылығы да осында.

Кітаптың тұсаукесер кешіне Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Қуанышбеков, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының м.у.а. Әбдіжаппар Сәкен, «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Күлия Айдарбекова, Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Арнайы сөз алған Күлия Смайылханқызы аталған кітаптардың маңыздылығына ерекше тоқталып: «Әрбір ұзатылып бара жатқан қыздың жасауына, сандығының түбіне салатын кітап» деп баға берді.
Баспадан жаңа шыққан қос кітапты қалың оқырман алдағы уақытта кітапханалардан оқи алады.