ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Рахат-Шымкент» ЖШС-на барды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Шымкент қаласына барып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мегаполисті дамыту бойынша қойған стартегиялық міндеттердің орындалу барысымен және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының іске асырылуымен танысты. Асқар Ұзақбайұлы металлургия, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, көлік инфрақұрылымын дамыту салаларындағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді.

Өңір экономикасын дамытуда «қарапайым заттар экономикасына» ерекше рөл берілген. Үкімет басшысы «Рахат-Шымкент» ЖШС-на барып, тамақ өнімдерінің өндіріс процесін көрді. Заманауи жабдықтармен жарақталған фабрика жылына 24 мың тоннаға дейін 30 аталымдағы 4 түрлі кондитерлік өнім шығарады. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге 2020 жылы мармелад пен қантты печенье шығаратын жаңа желіні іске қосу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғаны туралы баяндалды.

Аралау қорытындысы бойынша ҚР Үкіметінің басшысы қала әкіміне Шымкент қаласын дамуының 2023 жылға дейінгі Кешенді жоспарын тиімді орындауды қамтамасыз ету бойынша барлық қажеті шараларды қабылдауды тапсырды. Инвестициялық жобаларды іске асыру, шығарылатын өнім номенклатурасын кеңейту және өндіріс көлемін ұлғайту бойынша бизнес-қауымдастықпен жұмысты жандандыру тапсырылды. Бұл өңірдің ЖӨӨ көлемін 2018 жылғы 2 трл-нан 2023 жылға қарай 3,5 трлн-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.