ӘР ІСТІҢ БАСЫНДА ӨЗ МАМАНЫ БОЛУЫ КЕРЕК

Шымкент қаласы әкімі Е.Айтахановтың төрағалығымен аппараттық мәжілісі өтті. Мәжілісте «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және 2020 – 2025 жылдарға арналған жобасы мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жайында мәселелер көтерілді.

Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Н.Жаманкөздің айтуы бойынша бүгінде «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы 24,6 млрд теңгеге 25 нысанның құрылыстары жүргізіліп пайдалануға берілген.

— Кәріз жүйелерін жүргізу (210,1 км), магистралды жылу құбырларының қайта құру жұмыстары (20 км);
-9 мектеп (7200 орын);
-2 инженерлік-коммуникациялы инфрақұрылым нысандары;
-4 автокөлік жолдары;
-2 тұрғын үй құрылысы (7,4 мың шаршы метрді құрайтын 288 пәтер) сынды атқарылған жұмыстар бойынша қалалық құрылыс басқармасының басшысы Е.Ахметов шаһар басшысына баяндады.

Өз кезегінде Ерлан Қуанышұлы инфрақұрылым жүргізбей тұрғын үй салу дұрыс емес екенін айтты. «Бүгінде орын алып жатқан негізгі проблемалар осының салдарынан орын алуда. Бір-екі қызметкердің дұрыс емес шешімінің салдарынан бүкіл халық зардап шекпеуі тиіс» деді Ерлан Айтаханов.

Ал, екінші мәселе мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы баяндаған қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Р.Мулкеманов аталмыш жобаларды жоспарлау және іске асыру функциясы қаламыз республикалық қалалар санатына жатқызылуына байланысты берілгенін айтты.

Қала әкімі бұл мәселелер бойынша да жұмыла жұмыс істеу керегін қадап айтты. «Мәселен, мектеп құрылысын салуда тапсырыс беруші білім басқармасы болса да оның қай деңгейде салынып жатқанын құрылыс басқармасы мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармалары назарда ұстау керек. Себебі, әр істің басында өз маманы тұрса ғана жемісті нәтиже болады» деді шаһар басшысы.

Жиынды қорытындылаған Е.Айтаханов тиісті сала басшыларына тұрғын үйлер мен мектептер салу мәселесінде бюджетке ауыртпалық салмай жеке инвесторлар тартуды жүктеді.

 

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.