ОНЛАЙН КОНФЕРЕНЦИЯ ҚАСИЕТТІ ЖЕРЛЕРДІ НАСИХАТТАУҒА АРНАЛДЫ

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті Болатбек Абдрасиловтың тікелей жетекшілік етуімен қазақ даласындағы көне шаһарлардың бірі, бір кездері Қазақ хандығының астанасы болған, тамырлы тарихымыздың символына айналған Сығанақ қалашығына арнайы экспедиция ұйымдастырылды. Мұндай мәлімет бүгін Түркістанда өткен «Түркілер төрі Түркістан» онлайн конференциясында айтылды. Бұл шара талай құпияның қойнауына бүгіп жатқан көне қаланың тарихын тану бағытында атқарылған маңызды қадам болып саналады.

Сығанақ, қаласының орны қазіргі Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Сунақата ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 2 шақырым жерде жатыр. Көне қаланың тарихы тым тереңде. Тарихшылардың пікіріне қарағанда, Сығанақ Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды сауда және қолөнер орталығы болған. 1469-1511 және 1521-1599 жылдары Қазақ хандағының астанасы, ал оған дейін Қыпшақ мемлекеті мен Ақ Орданың бас қаласы ретінде белгілі.

Айта кетерлігі, жоғарыда аталған конференция Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғимаратында өтті. Түркістан өңіріндегі тарихи маңызы бар қасиетті жерлерді насихаттаудағы әдеби шығармалардың ролі, мүмкіндіктері мен әлеуетін жан-жақты талқылау, қастерлі құндылықтарымызды көпшілік аудиторияға әдеби, тарихи және публицистикалық тұрғыда жеткізудің тың жолдарын қарастыру тақырыбында өткен конференцияға ғалымдар, тарихшылар, әдебиеттанушылар, Сенат, Мәжіліс, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжанның белгілі жазушылары мен аудармашылары қатысып, ой-пікірлерін білдірді. Шара Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, Қазақстан Журналистер одағы және Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалдарының бірлесе ұйымдастыруымен өтті. Айта кетері, бұл Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының биыл ұйымдастырған екінші онлайн конференциясы. Алғашқы конференция Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында «Пандемия тұсындағы инфодемия» тақырыбында өткен болатын.