Олардың есімдері мен ерліктері ешқашан ұмытылмайды

Күндей күркіреп өткен соғыстың аяқталғанына да — 73 жыл. Еліміздің барлық облыс, қалалары тарих үшін таспен қашалған Ұлы күнге арналған салтанатты жиынды кең көлемде атап өтуде. Осы орайда, Отырар ауданы да аталған шараны жалпыхалықтық көлемде ұйымдастырды.


Ең әуелі, мерекеге жиналған көпшілік жеңіс жолында шейіт кеткен майдангерлерге арналған «Мәңгілік ел есінде» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құран бағыштады.
Аудандық мәдениет үйі фойесінде тарихтан сыр шертер әскери тақырыптағы көрме қойылып, қонақтар мен аудан халқы отырарлық майдангер азаматтар мен олар туралы деректер жөнінде мол мәлімет алып, өткенге көз жүгіртті.
Ал, адамзат баласына бейбіт өмір сыйлаған «Ұлы Жеңіс» тақырыбындағы театрландырылған көрініс көпшілікке мол әсер қалдырып, жанарларға жас ұялатты.
«Өткенімізге шегініп қарайтын болсақ, осыдан 73 жыл бұрын адамзат тарихында ең ауыр және қанды соғыстың соңғы оқтары атылды. Сол бір сұрапыл жылдарда 4000-ға жуық отырарлықтар майданға аттанып, 2466 боздақ туған жерге оралмады. Олардың есімдері мен ерліктері ешқашан ұмытылмайды» -деген аудан басшысы Айтаханов Ерлан Қуанышұлы шараға жиналған қауымды әрбір жүректе ерекше орны бар ең ұлы мерекемен құттықтады.
Аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов мыңдаған боздақтардың қанымен келген ештемеге бергісіз Ұлы Жеңіс әрбір ұрпақтың патриоттық сезіммен қорғайтын ең асыл аманаты екендігін жеткізді.

Салтанатты жиынға қатысушылар концерттік бағдарламадан соң, ардагерлерге арнайы жайылған дастарханнан дәм татты. Мерекелік іс-шара аудан ардагерлері арасында өткен бильярд ойынына жалғасты.

249 рет оқылды
  • 36
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.