ОЙЛЫ БОЛСАҢ, ОЗЫП КӨР!

Шымкент қаласында «Intellectualdy ult» жалпыұлттық жобасы аясында шахмат пен тоғызқұмалақтан «Ойлы болсаң, озып көр!» атты зияткерлік байқауы ұйымдастырылады. Интелектуалды жарыс 15 қазанда басталып, жыл соңына дейін жалғасады. Жалпы жүлде қоры 2,5 млн теңге.

Байқау карантин талаптарына сәйкес қатысушылар арасында ара қашықтықты қатаң сақтай отырып өтетін болады. Жарыс Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде және «Интеллектуалды ұлт – 2020» жобасы аясында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Мұндағы негізгі мақсат — зияткерлік ойындар арқылы (шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ т.б.) жеке бастың мінез-құлқының қалыптасуына, ұстамды және ізденімпаз болуына, ойлау қабілетінің артуына ықпал ету.
–Әлемдегі көшбасшы мемлекеттер ең әуелі білім беру оның ішінде зияткерлікті жетілдіру жүйесіне ерекше назар аударады. Сондықтан біз 2019 жылдан бері аталған жобаны жүзеге асыру бойынша көп жұмыс атқардық. Жастардың саналы әрі бәсекеге қабілетті болуы және стратегиялық ойлауын дамыту мақсатында осы шараны қолға алып отырмыз,- деді ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жанар Бектаева.

Аталған жобаға «Еркін — ой» газетінің бас редакторы Балтабек Түйетаев жетекшілік етеді. Байқауда қатысушылар 3 топқа бөлінеді.
І топ – жас өспірімдер (14 жасқа дейін);
ІІ топ – ересектер (40 жасқа дейін);
ІІІ топ – Ардагерлер.