ОБЛЫСТЫҚ АҚПАРАТТЫҚ-НАСИХАТТЫҚ ТОП КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА БОЛДЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында қойылған міндеттердің маңызын екшеп, халыққа кеңінен насихаттау үшін облыстық ақпараттық-насихат тобы аудан, қалаларға жолға шықты. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сакен Қалқаманов бастаған насихаттық тобы Кентау халқымен жүздесті. Алғашқы кездесу 1300 адамды жұмыспен қамтып отырған Кентау трансформатор зауытында өтті. Облыс әкімінің орынбасары өңірдегі білім саласын жетілдіру мен бала құқығын қорғау, сондай-ақ дарынды балаларды қолдау бойынша атқарылатын тың жұмыстарға тоқталды. Жиында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Көпжасар Жетпісбаев Жолдауда міндеттелген 5 бағытты айшықтап, жеке-жеке тоқталып өтті. Жолдауды насихаттау, түсіндіру жиыны Кентау қаласындағы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында жалғасты.

Мемлекет басшысының алғашқы халыққа Жолдауының жүзеге асуына орай өткен жиында Кентау қаласының әкімі Даурен Махажанов баяндама жасады. Өз сөзінде Кентау қаласының әкімі қала мен ауылдардағы «Оқушылар үйінің» материалдық — техникалық базалары ескіргендіктен, толықтай жаңартылатынын атап өтті. Сондай-ақ бала құқығын қорғау комиссиясының құрамы жаңарып, комиссия жұмысы ашық әрі әділ болу үшін онда қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын қоғамдық ұйым өкілдері мен блогерлер тартылмақ. Мұндай кездесулер Түркістан облысына қарасты барлық аудан, қалаларда өткізілуде.