Непалдық миллиардер Шымкентте аквапарк салады

«Егер де аквапаркке тоқталсақ, бұл жоба бойынша жұмыстар басталды. Инвесторларды іздестіру кезінде Шымкентке Непалдан миллиардер келді. Ол біздегі осы жобаға қызығушылық танытып отыр. Қазіргі кезде оның компаниясы Дубайдағы аквапарктің жобалаушыларымен келліссөздер жүргізіп жатыр. Олар өздерінің командасымен 13 шілде күні Шымкентке келіп, үш күн бойы жобаны пысықтайды. Біз 100 гектар жерді бөлдік, ол жерде тиісті коммуникациялар бар», — деді Ғ.Әбдірахмов.

Оның сөзіне қарағанда, аталған непалдық азамат Түркістан облысы Қазығұрт ауданында тағы бір жобаны іске асыруға қатыспақ, яғни макарон өндіру бойынша кәсіпорынды ашу жұмыстарына кірісуге ниетті.
«Жалпы, жобаның құны 100 млн долларды құрап отыр. Оны іске қосуға екі жыл уақыт керек болады», — деді Ғ. Әбдірахымов.
Шымкент қаласында осыдан ілгері «Fontan» аквапаркі ашылған болатын. Орта Азияда теңдесі жоқ кешенді жергілікті кәсіпкер Шыңғыс Әбдиев өз қаражатына салып, шаһар тұрғындарына сыйлаған еді.
Еске салсақ, бүгін ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Елбасы тапсырмасы бойынша әзірленген Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі Кешенді жоспары қаралды.