Тұрғын үйге онлайн кезекті қалай алуға болады?

Тұрғын үй кезегіне тұру – Қазақстандағы ең танымал қызметтердің бірі. Оны тек ЭЦҚ көмегімен eGov порталы арқылы онлайн жасауға болады. Бұл қызметті қалай алуға болатыны туралы «Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қалалық филиалының өкілдері айтып берді. Ол үшін тек 3 қарапайым қадам жасау керек.

1-қадам

ЭЦҚ арқылы eGov порталына кіріңіз. «Жылжымайтын мүлік» бөлімін таңдап, одан «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы шешім қабылдауы» қызметін таңдаңыз. «Қызметке онлайн тапсырыс беру» түймесін басыңыз, содан кейін — «Кезекке тұру» түсмейсін басыңыз.

2-қадам

«Кезекке тұру» бөлімінде сіз жеке мәліметтеріңізді толтырып, тиісті санатты таңдауыңыз керек. «Негіздеме» бөлімінде «Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы» тармағын таңдау керек. Келесі деректерді толтыруыңыз қажет: телефон нөмірі, электрондық пошта, ЖСН, егер отбасы мүшелері болса, олардың деректері және жұмыс орны туралы мәлімет.

3-қадам

Барлық жолдарды толтырғаннан кейін өтінімге ЭЦҚ көмегімен қол қойыңыз. Өтініш нәтижесін жеке кабинетте «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде көруге болады. Тұрғын үй басқармасы өтінішті 30 күнтізбелік күн ішінде қарайды. Тіркеу немесе тіркеуден бас тарту түріндегі жауап телефоныңызға SMS хабарлама ретінде келеді.
Баспанаға кім өтініш бере алады?
Тұрғын үй кезегіне Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, халықтың әлеуметтік осал топтары, көп балалы отбасылар, мемлекеттік қызметшілер, бюджет ұйымдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар және жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен апатты жағдайда деп танылған азаматтар тұра алады.

2022 жылдың басынан бері тұрғын үй кезегіне мыңға жуық шымкенттік өтініш білдірген.