МУЗЕЙ – ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ

Отырар ауданы орталығы, Шəуілдірде 18 мамыр – Халықаралық музей күніне арналған «Музей – халық қазынасы» атты тарихи-танымдық мерекелік шара өтті.


Сан ғасырлық мұралардың киелі ордасына айналған Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру, Астананың 20 жылдығы және кәсіби мерекеге орай «Музей түні» атты кешкі мерекелік шараны тұңғыш рет ұйымдастырды.

Музей көрермендері үшін ашықтық және қол жетімділік, өнерді дәріптеп, танымал ету, жастардың назарын аудару, ұмытылмас мереке ұйымдастыру мақсатында өткізілген шараға аудан әкімі Ерлан Айтаханов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Құттықтау сөзінде аудан басшысы «Отырар — өзінің көне тартпас тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем ғалымдарының, ЮНЕСКО-ның назарын өзіне аударған, ұлттың рухани алтын қазығы. «Ұлы Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі», деп Елбасымыз бекерге айпаса керек. Әлемдік тарихта өз орны бар Отырардың мәртебесін көтеру жолында еңбек етіп жатқан Сіздердің ұжымдарыңызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!» — деп, ізгі тілегін білдірді.


Мерекелік шарада музей көрермендеріне «Тас дәуірі – Қарахан дәуірі» экспозициялық бөлімінде сол кезеңдердің үлгісімен киінген таныстырушылардың әңгімелері әсерлі шықты.
Сондай-ақ, «Отырар Моңғолдардың кезінде», «Құмырашы», «Киіз үй» бөлімдерінде қойылған театрландырылған көріністер көне заманды көз алдымызға келтіріп, көрермендердің көзайымына айналды.


Әлем ұстазы Әбу Насыр Əл-Фараби тек отырарлықтардың ғана емес, күллі түркі әлемінің, қала берді мұсылман қауымының мақтанышы. Ғұлама бабаның туған жер туралы толғамы, ғылым мен білім жайлы толғаныстары тамашалаушыларды тебіретті.

«Қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығы – Ұлттық киімдер», «Аңшылық, саятшылық, балық аулау» таныстырылымдарында арнайы киіммен шыққан музей қызметкерлерінің әрекеті келушілерді оқиға ортасында жүргендей күйге ендірді.


Жиын барысында музей қызметкері Нұрсейіт Әмзенің тарихқа байланысты қойған викториналық сұрақтарына шараға қатысушылар таласа жауап беріп жатты.
Жалпы алғанда, ғасырлар тереңінен сыр тартқан өлке тарихымен жете таныстырған «Музей түні» мәдени шарасы рухани ләззат сыйлап, өте жоғары деңгейде өтті. Іс-шара соңы қонақжай отырарлықтардың ауызашарымен аяқталды.

Қайрат Кəрібаев.

  • 44
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *