ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАРМЕН ТАНЫСТЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түлкібас ауданына іссапармен келіп, бірқатар нысандар мен өндіріс орындарын аралады. Аймақ басшысы «Састөбе технолоджис» ЖШС-інде болып, жұмысшылармен кездесті.
Жылына 500 мың тонна цемент және 105 тонна әк өндіретін зауытта 500-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын басшылары облыс әкіміне алдағы жұмыс жоспарларын таныстырып, бірқатар мәселелерін жеткізді. Өңір басшысы сапары барысында жаңадан ашылған «Ер Жәнібек» спорт кешенінің жұмысымен танысты. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген спорт кешенінде 240 бала бокс, дзюдо, үстел тенисі, баскетбол, еркін күрес сияқты спорт түрлерімен айналысады. Ал Жаскешу ауылындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолында бүгінде көпірдің құрылыс жұмыстары қарқын алған. Ұзындығы 59 метрге созылған өткелдің құрылыс жұмыстарын жергілікті атқарушы билік түріктің Евро Азиаттық құрылыс корпорациясымен бірігіп жүргізуде. Аудандағы барлық жолдардың құрылыс кестесімен танысқан Өмірзақ Естайұлы тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырма жүктеді.
«Түркістан облысының аумағындағы 4 мың шақырым жолдың жалпы жұмыс картасын жасақтаңыздар. Қанша жолдың толық аяқталғанын, алда қаншасы қалғаны нақты бекітілсін. Алдағы уақытта Түлкібас ауданындағы тау шатқалдарына апаратын, халық көп жүретін барлық жолдар толық жөндеуден өтуі керек» , – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі мұнан соң Азаттық ауылында орналасқан «Майлыкент сүт» цехын аралап көрді. «Бизнестін жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ашылған нысанда тәулігіне 5 тонна әртүрлі сүт өнімдері өндіріледі. Ал, «Киелі жерлер географиясына» енген «Түркібасы» әулиесінің басында қазір абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Киелі орын бүгінде зиярат етуші туристердің көптеп келетін орнына айналған. Өңір басшысы аудан орталығындағы «Тұңғыш Президент» саябағында орналасқан «Жастар алеясының» құрылыс жұмыстарымен де танысты. Жастар жылына орай соғылып жатқан саябақтың жөндеу жұмыстары желтоқсан айында толық аяқталады деп жоспарланған.