Министр коронавирусты анықтайтын ресейлік тест-жүйемен танысты

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтан қалалық ұлттық сараптама орталығы бөлімшесінің вирусология зертханасына барды. Бұл туралы ҚазАқпарат Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Министр аса қауіпті аурулардың, соның ішінде ҚХР-да анықталған коронавирусты инфекцияның таралуының алдын алу бойынша астаналық зертхананың күшейтілген жұмыс режиміне дайындық деңгейін тексерді.

«Біз Ресейден жаңа коронавирусты инфекцияны диагностикалау құралдарын тегін алдық. Тест-жүйені жеткізу Роспотребнадзордың жұқпалы аурулар қатеріне қарсы күрес жөніндегі әлеуетті арттыруда көрші мемлекеттерді қолдау шараларын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылды. Бұл тест-жүйені «Вектор» федералдық бюджеттік ғылыми мекемесі Вирусология және биотехнология мемлекеттік ғылыми орталығының жетекші ғалымдары әзірледі. Қазіргі уақытта 2019-nCoV жаңа типті РНК зерттеулеріне арналған тест-жүйе жеткілікті мөлшерде жеткізілді. Талдау «нақты уақыт» режимінде полимеразды-тізбекті реакция әдісімен жүргізіледі», — деді вирусологиялық зертхана меңгерушісі Айнаш Мақұшева.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта вирусологиялық зертханада коронавирустың жаңа түріне 180 науқас тексерілді. Зерттеу көптеген емделушілерде тұмау және ЖРВИ бар екенін анықтады.

«Зертхана тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Материал талдауға келіп түсуіне қарай тұмауға және тұмауға ұқсас ауруларға, сондай-ақ коронавирустың жаңа түріне бірден зерттеу жүргіземіз», — деді А. Мақұшева.

Бүгінде ДДСҰ ұсынған хаттамаға сәйкес, Америкада өндірілген ПЦР әдісімен 2019 – nCoV жаңа типті РНК анықтайтын праймерлерге тапсырыс берілді.

Сапар аясында денсаулық сақтау министрі вирусологиялық зертхананың ПЦР-блогының жұмысымен танысты. Эпидемиологтар Елжан Біртановқа вирустың генетикалық материалын бөлу әдісін, реакциялық қоспаларды дайындау ережелерін, сондай-ақ «Rotor Gene 6000» амплификаторының жұмыс принципін көрсетті.

Сонымен қатар, Елжан Біртанов молекулярлық-генетикалық зерттеулер зертханасының жұмысымен танысты. Бұл зертхана 2019 жылы тамызда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Ұлттық сараптама орталығы филиалының базасында құрылған.