«Мектепке жол» жәрмеңкесі тамыздың 26-сына дейін жалғасады

Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадионда қайырымдылық жәрмеңкесі өтіп жатыр. «Мектепке жол» деп аталатын жәрмеңкеде жеке кәсіпкерлер өз өнімдерін тұтынушыларға арзан бағада ұсынуда. Шымкент қалалық әкімдігі ұйымдастырған шара қала тұрғындарының көңілінен шығып жатыр.

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын әрбір ата-ананың бас ауруы — баласын басқалардан кем қылмай, оқуға керек-жарағын түгендеп беру. Қала тұрғыны Ботагөз де бүгін жәрмеңкенің өтіп жатқанын естіп, қайырымдылық шарасына қарай асықты. Тілегені алдынан – іздеймей-ақ табылды.

«Жәрмеңкені түгел аралап шықтық. Базар бағасынан айырмашылық бар. Бірақ кішкене, выбор аздау екен. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта осыны ескеріп, сауда қатарларын көбейтсе, деген ұсынысымыз бар», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Ботагөз Керімбекова.

Акцияны ұйымдастырудағы мақсат – әлеуеті әлжуаз топтар мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету. Аталмыш шара әсіресе, қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай жүрген көпбалалы отбасыларға әжептеуір көмек.

«Біздің сатып тұрған тауарларымыз — отандық өнім. Өзіміз 4 айдан бері мынадай жейделер шығарып жатырмыз. Сапасы жақсы. 2000 теңгеден сатып жатырмыз. Сұраныс көп. Базарда осыларды екі есе қымбатқа сатып жатыр», – дейді сатушы Әнуар Ғабидуллақызы.

Биылғы шара «Бақытты балалық шақ» ұранымен өтіп жатыр. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жәрмеңкеде мектепке керек-жарақтың бәрі бар. Қайырымдылық акциясына демеушілік жасауға ниеттілер болса, мархабат.

Дерек көзі: shymkenttv.kz

125 рет оқылды
  • 4
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *