МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ ҚАЛАЙ ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ?

Мектептің директор лауазымына кандидат 4 кезеңнен тұратын конкурстан өтеді: мектептің қамқоршылық кеңесі, заңнама тесті, білім басқармасының келісуі, әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссиялық топ.

Жуырда Шымкенттегі №39 мектебіне директор тағайындау үшін білім ұясының қамқоршылық кеңесінің отырысы өткенін facebook қолданушысы Анара Сулееваның тікелей эфирінен көрдік. Онда үміткерлер өздерін таныстырмай жатып, қамқоршылық кеңесі тек қана аталған мектептің директоры міндетін атқарып жүрген азаматшаны қолдаймыз, бізге сырттан келгендер қажет емес деп пікір білдірді. Сырттан келген кім сонда? Ол Қазақстан азаматы емес пе? Қамқоршылық кеңес кандидаттарды айқындаған жағдайда білім басқармасына келісуге жолдайды. Қамқоршылық кеңес бір үміткерді қолдап, соған ғана дауыс беруі жиі кездеседі. Дәлел ретінде Шымкенттегі №24 мектепті айтуға болады. Аталған мектепке директор тағайындау үшін 4 рет конкурс жарияланды. Себебі қамқоршылық кеңесі бір кандидаттан басқасын қолдамаған. Алайда сол мектептен кандидатурасы өтпегендер қазіргі таңда басқа мектептерде директор болып жұмыс істеуде. Ал №24 мектебінің бүгінге дейін директоры тағайындалмады. Бұл сыбайластықтың бір көрінісі емес пе?

Қамқоршылық кеңесінің құрамына келсек. ҚР Білім және ғылым министрінің № 355 бұйрығында қамқоршылық кеңестің құрамында жергілікті өкілдік, атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері болуы керек деген. №39 мектептің қамқоршылық кеңес құрамында жергілікті өкілдік (мәслихат депутаты) жоқ екені белгілі болды.

Қамқоршылық кеңесінің құрамы заңға сәйкес болмаса оның шешімі заңды ма? Неге кейбір мектептердің қамқоршылық кеңесінің құрамында депутаттар жоқ? Тез арада бұл жағдайды заңға сәйкестендіру керек деп ойлаймын.

 

Н.Бұхарбай

«Nur Otan» партиясының мүшесі.