Мегаполистің өзіндік даму бағыты

Шырайлы Шымкент қаласының еліміздегі Астана, Алматы сынды ірі қалалардың қатарына қосылғанына жеті ай болды. Осы уақыт аралығында қандай тындырымды істер атқарылды? Қазіргі жағдай мен алдағы жобаларға сын көзбен қарап, азаматтық қызығушылықпен осы жайттарды қысқаша зерделеуге кірістік. Тереңге бойламай, көпшіліктің көзіне түсіп, көкейінде жүрген жағдаяттарға барынша екпін беруді межеледік.    

Сонымен Мемлекет басшысының 2018 жылғы 19 маусымдағы тарихи Жарлығынан кейін бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы саналған Шымкент шаһары өзіндік даму бағытын айқындап, қызу жұмысқа кірісті. Мұндағы мақсат – қаланың қалыптасқан ерекшелігін сақтап, тұрғындар мен қала қонақтарына жағдай жасауға бағытталды. Қала билігіне жергілікті проблемаларға өзге қырынан қарай алатын заманауи менеджерлер келді. Бұл тұрғыда жергілікті кадрлардың потенциалы ерекше ескерілді.  Аз ғана уақыт аралығында шағын әрі ықшам мемлекеттік басқару аппараты қайта жасақталды. Бірқатар саланың тізгінін шет елде білім алған білікті мамандар ұстады. Мінсіз еңбек еткен жергілікті мамандардың да тәжірибесіне мән берілді.  

Алдымен қала аумағындағы кәсіптің көзін тапқан кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік нысандардың қызметі тиянақты сараланды. Шымкенттің еліміздегі ірі кәсіпкерлік орталығына айналдыруға айрықша басымдық берілді. Желтоқсанда өткен халықаралық инвестициялық форумға Германия, Дания, Канада, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері сынды экономикалық салада көш ілгері 20 елден белгілі компаниялардың жетекшілері келді. Нәтижесінде  200 млн. АҚШ долларын құрайтын 11 меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, қаланың солтүстік аумағында бой түзеп жатқан заманауи «Шымкент Сити» ауданы аумағына салынатын тұрғын үй кешендері мен әкімшілік ғимараттардың құрылысына, «Жедел жәрдем» қызметінің паркін жаңғыртуға, микрофибра өндіретін тоқыма фабрикасына, орталық стадионды қайта жаңартуға және т.б. жобаларға инвесторлардың әлеуеті жұмылдырылды. Ал, бұл бастамалардың шапағатын қала тұрғындары алдағы жылдары көретін болады.  

Биыл қоғамдық көлік паркін жаңалау үшін экологиялық һәм экономикалық тұрғыда тиімді әрі тұрғындарды тасымалдауға ыңғайлы жаңа мың автобус алынбақ. Қала билігінің жолаушыларға жағдай жасауды көздеген бұл шешімі көп ұзамай жемісін бере бастады. Автобустардың алды өткен жылы ақ жеткізіліп, қала шетіндегі елді мекендер мен қала орталығындағы байланыс нығайды. Бір сөзбен айтқанда, шаһар сыртындағы «Ұлағат», «Ақжар», «Шапырашты» сынды шағынаудандар мен тұрғын үй алаптарындағы тұрғындарының қала орталығына келіп-кетуі оң шешілді. Қоғамдық көліктердің әлеуметтік бағыттары айқындалды. Жұмыс тәртібі бен тазалыққа жіті мән берілді.

Қала аумағындағы қауіпсіздік іс-шараларын барынша жетілдіру мақсатында биыл қала аумағына 50 мың бейнекамера орнату жоспарлануда. Осылайша Шымкент еліміздегі ең қауіпсіз қалаға айналмақ. Цифрландыруға басымдық беріліп, «Shymcard» жүйесі қолданысқа енбек. Енді қала тұрғындары бір картамен қалаған қызметтер мен сервистерге төлем жасай алады.

Бүгінде қала билігі шымкенттіктердің тұрмысын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін жоспарлы жұмыс істеуде.

Халықтың көңілінен шыққан ілкімді жобалар әкімдік тарапынан әрдайым жетілдіріліп отырмақ. «Арбат» секілді нысандарды көбейту,  халық тынығатын, серуендейтін, заманауи демалыс орындарын ашу, көпқабатты әрі жайлы тұрғын үйлер салу тұрақты назарда болмақ. Бұл бағыттағы ірі жобаларды қаржыландыру мақсатында шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүруде.  

Қаладағы ірі кәсіпорындар мен орта және шағын кәсіпкерлік нысандардың жалпы, еңбекқор шымкенттіктердің  табысты қызметінің нәтижесінде Шымкент 2025 жылы  өзін-өзі  толық қамтамасыз ететін деңгейге жетеді. Бұл ҚР Ұлттық экономика министрлігінің болжамы.

Тұрғындардың өмір сапасы мен мәдениетін жақсарту бүгінгі қала тізгінін ұстаған басшыларға жүктелген негізгі міндеттердің бірі. Осылайша ауқымды жобаларды іске асыруды көздеп отырған шымкенттіктер өздері туралы қоғамда қалыптасқан кейбір жағымсыз стереотиптерді жою арқылы Шымкентті трендтен брендке айналдыруды көздеп отыр. Жуырда жүргізілген «Шымкент – менің қалам» онлайн сауалнамасына қатысқандардың 82 пайызы Шымкентті дамытуға үлес қосуды азаматтық міндетім деп санайтынын жеткізген. Бұл біздің пікірімізге дәлел болары сөзсіз.

 

Бекен ҚОНЫС.

217 рет оқылды
  • 114
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *