Мегаполисті дамыту үшін 89 жоба Үкімет мүшелері тарапынан қолдау тапты

Шымкент қаласы әкімдігінде шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен 2023 жылға дейін шаһарды дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру бойынша жиын өтті. Жиынға сала жетекшілері, басқарма басшылары қатысып, қаланың алдағы даму жоспарларымен танысты.

Сондай-ақ қала әкімі мегаполисті дамыту үшін жалпы құны 1 трлн 284 млрд теңгені құрайтын 10 бағыт бойынша 89 жоба Үкімет мүшелері тарапынан толық қолдау тапқандығын жеткізді.

Ерекше назар аударатын жайт, кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде бюджетке жүктемені азайту үшін, 836 млрд теңге немесе жоспарланған соманың 65 пайыз жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылады. 2023 жылға қарай Шымкентте орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізу 93-тен 98%-ға дейін ұлғаяды. Ал, табиғи газбен қамтамасыз ету 92-ден 98 пайызға дейін, орталықтандырылған кәрізге қол жеткізу 49-дан 75 пайызға дейін, сапалы электрмен жабдықтау 91-ден 96 пайызға дейін ұлғаймақ.

Жолдардың өткізу қабілеті тәулігіне 75 000 көлікке дейін өссе, мектептерде үш ауысымды оқыту толығымен жойылады. Қаланың спорттық келбеті саналған Қажымұқан атындағы Орталық стадион жөндеуден өтіп, УЕФА талаптарына толық сай болады. Миллионды қала үшін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тауып, бір адамға 24-тен 27 шаршы метрге дейін артпақ.

Ең бастысы, қала экономикасы 3,5 триллион теңгеге дейін өсіп, жақын жылдары 60 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.
Еске салар болсақ, 9 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласында Премьер-Министр Асқар Ұзақбайұлы Маминнің басшылығымен Үкімет отырысы өтті. Онда қала əкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2023 жылға дейін шаһарды дамытудың кешенді жоспарын таныстырған болатын.