Мегаполисте туризмнің даму дәуірі басталды

Шымкентте Алматы мен Астана қалаларындағыдай іскерлік туризм саласы дамуы мүмкін. Өңірімізде шетелдіктердің емін-еркін саяхаттауы, туристік нысандарға баратын жолдарды жөндеп, қызмет сапасын көтеру мәселелері «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында талқыланды. Жиынға «Kazakh Tourism» компаниясының басшылары мен «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ мамандары және Азия даму банкінің өкілдері қатысып, күнгей өңірде туризмді дамытудың жолы қандай деген сауалға бірлесе жауап іздеді.
Шымкент дербес қала атанғалы шаһардың сан саладағы тіршілігін түлетуге республикадағы ұлттық компаниялар бірінен кейін бірі ықылас танытуда.
Басқосуға келген туристік салада жұмыс жасайтын кәсіпкерлер «Азия Даму Банкімен» өзара әріптестік орнатуға мүмкіндік алды. Халықаралық қаржы ұйымы кәсіпкерлердің жобаларына қаржы құюға дайын. Сол себепті Түркістан облысы мен Шымкент қаласында туристік бағыттағы бірнеше инвестициялық жобалар таныстырылды. Ал «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы аймақтағы саяхатшыларды тартымды орындарға алып баратын жолдарды жөндеуге ынта білдіріп отыр. Жауаптылар осы сынды бірлесе қолға алатын шаруаларды тағы бір рет айқындап алды.

– Біз елімізде қай бағыттағы туризм шетелдіктер мен отандастарымызға өте тартымды екенін білеміз. Туристерді елге көптеп тарту мақсатында арнайы жоба да дайындадық. Өйткені еліміздің өте бай тарихы мен дәстүрі бар. Бұл өз кезегінде эко және этно туризмді жандандыруға мүмкіндік береді, — деді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы АҚ басқармасының төрағасы Р. Күзембаев

Сонымен бірге Шымкент қаласында бұдан былай Алматы мен Астана секілді іскерлік туризмді жандандыруға мүмкіндік туып отыр. Себебі, шаһардың еліміздегі ірі қалалардың үштігіне кіруі оған жол ашуда. Бүгінге дейін Шымшаһарда іскерлік туризмді дамыту үшін атқарылатын шаруалар да аз емес. Сол себепті мүдделі тараптар ертеңгі атқаратын жұмыстарды нақтылап алды.

Дерек көзі: shymkala.kz

73 рет оқылды

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *