Мегаполисте «Оңтүстік өнімдері» атты көрме-жәрмеңкесі өтуде

Шымкенттегі «Көрме орталығы» ғимаратында «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық көрме-байқауы және «Оңтүстік өнімдері» атты көрме-жәрмеңкесі өтуде. Көрме-жәрмеңкеде Шымкент қаласындағы тамақ, фармацевтикалық, инженерлік, жеңіл және құрылыс индустриясы өнімдерінің 100-ге жуық отандық тауарөндіруші компаниялары өз өнімдерін ұсынуда.

Көрме-жәрмеңкенің мақсаты — жергілікті өндірушілерді қолдау. Алғаш рет ондаған жаңа компаниялар да қатысуға өтініш берген.

Көрменің ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова, Шымкент қаласы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Қайрат Молдасейітов, Палата директоры Нұрлан Қабыштаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Шымкент қаласы әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасы бірлесе ұйымдастырған іс-шара аясында «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», » Үздік азық-түлік тауарлары» бойынша номинация иегерлері анықталады. Жеңімпаздар жыл соңында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауына қатысу құқығына ие болады.

Сондай-ақ, көрмеде ең үздік компаниялар таңдалып, аймақтық номинациялармен марапатталады. Көрме күні бойы жалғасады. Келушілерге ойын-сауық бағдарламалар, келушілер арасында сыйлықтар мен лотореялар ойнатылып, бағалы сыйлықтар табысталады.