МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Шымкент қаласында 21 маусым – медицина қызметкерлер күніне орай Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ернар Мырзақұлов ауруханаларға арнайы барып, ақ халатты абзал жандарды құттықтады.

Құттықтау барысында Шымкент Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ернар Мырзақұлов медицина қызметкерлеріне сыйлық тапсырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Бұл мерекелік сыйлық Шымкент қалалық кардиологиялық орталық, Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасы, Шымкент қалалық перинаталдық орталық, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы және Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасындағы қызметкерлеріне табысталды. Олардың әрқайсысының 15 бөлімшесіне аталған сыйлықтар берілді.

Өз кезегінде Шымкент қалалық кардиологиялық орталық бас дәрігерінің міндетін атқарушысы Ермағанбет Мұқанұлы: «Құрметті әріптестер, кәсіби мерекемізге орай Шымкент әкімшілігі және қалалық Денсаулық сақтау басқармасы атынан сыйлық жіберіп, бізді құттықтап отыр. Ризашылығымызды білдіреміз. Әріптестеріме денсаулықтарыңыз мықты болып, мына қиыншылықтан тезірек өтіп, індетті бірге жеңе берейік дегім келеді», – деді Е.Қуатбаев. Ал кардиохирург дәрігері Тыныбек Сапаров он жылдан бері осында істейтінін алға тартып, сыйлық әкелген кісілерге алғысын айтты. Осы орайда Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының кәсіподақ төрағасы Құрманбай Байрамов та өз рақметін жеткізді.