МАҒАН ДЕПУТАТТЫҚ МАНДАТ НЕ ҮШІН КЕРЕК?

Алдағы күні праймеризден асығым алшысынан түсіп, депутат болып жатсам не істеймін, қоғам дамуына қандай үлес қоса аламын деген сұрақтарға жауап бергім келеді. Шындығына келгенде маған депутат деген дардай атақ артық абырой жинау үшін емес, туралықпен, әділетсіздікпен, келеңсіздікпен күрес үшін қажет болып отыр. Ал ондай құбылыстардың Шымкентте көптеп кездесіп жатқаны ешкімге де жасырын емес. Мәселен!

– Қазіргі таңда Шымкентте бюджет қаржысы есебінен қыруар құрылыс жұмыстары атқарылып жатыр. Қалалық әкімдіктің әрбір құрылымының бақылауында бір емес бірнеше құрылыс жұмыстары тұр. Бірақ сол бақылау жұмыстарының барысы жалпақ жұртқа жария етіле бермейді. Бір ғана жол құрылысы жұмыстарына бюджеттен 27 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бірақ сол ақшаға қанша және қандай көшелер жөнделіп жатқанының нақты саны айтылғанмен, көшелердің аттары аталып, түстері түстелмейді. Неге?

Неге осы салаға жауапты басқарма жөнделетін көшелердің тізімін, түрін, түсін және олардың әрбіріне қанша ақша бөлініп жатқанын көрсеткісі келмейді? Неге ол жолдардың қанша жылға шыдас беретіндігі туралы ақпараттар айтылмайды? Көптеген халық құрылыс жұмыстарына келгенде биліктегілердің орталық көшелерге көп көңіл бөлетініне наразылықтарын білдіреді. Бұл туралы әлеуметтік желілерде талай өкпе-реніштер, қыжылдар жазылуда. Бірақ оның маңыздылығы жөнінде ешкім мардымды мәлімдеме жасамайды? Неге билік өкілдері бұқарамен ашық пікір жүргізуден басын ала қашады?

Биыл Шымкенттегі әрбір ауданға 1 млрд. теңге қаржы бөлінді. Ол қаржыға жасалып жатқан жұмыстардың барысы туралы әкімдіктен тарқатылған, толық мәлімет алу қиямет қайымға айналды. Дәл осы мәселе бойынша біз редакция атынан әкімдікке хат жолдағанбыз. Бірақ барлығы 4 млрд. теңгенің жаратылуы туралы жауап барынша тұйықталып берілген. Неге біздің билік халық ақшасына салынып жатқан, жаңартылып немесе бой көтеріп жатқан нысандарды жариялы түрде жеткізуге құлықсыз танытады?

Мен қалалық мәслихат депутаты болу арқылы осындай сеңді бұзғым келеді. Халық билікке сеніп тапсырылған жұмыстардың барысы туралы ақпараттарды толық білуі қажет.

– Мемлекет басшысының «Қазақстан халық үніне құлақ асатын мемлекет құру» тұжырымдамасынан жергілікті билік толық хабардар. Бірақ оны жүзеге асыруда талап үдесінен 100 пайыз табылып бірде бір орган жоқ. Қарапайым халық былай тұрсын, кейбір биліктің бишігін ұстаған азаматтар көп жерде көптің атынан сөйлейтін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына дер кезінде жауап бере бермейді. Сөзім құрғақ болмас үшін мысал келтірейін. Маусым айында «Уақыт.kz» желілік басылымы арқылы біз «Самал 3» шағын ауданындағы Мәңгілік Ел көшесіне төгілген тастардың қашан төселетіні туралы тұрғынның өтінішін жазғанбыз. Және оны Абай ауданы әкімдігінің назарына ұсынғанбыз. Абай ауданы әкімдігі ол мәселеге бір ай уақыт шамасында ләм-мим деп жауап берген де жоқ. Тиісінше тастар да төселген жоқ. Тек газетке жарияланып, сын тезіне алған соң барып, тиісті жұмыстар қолға алынды. Көрер көз, естір құлақ болса, газет беттерінде, желіде, теледидарда түрлі сындар айтылып, жазылып жатыр. Бірақ оған нақты мәлімет, тарқатылған дерек жоқ. Сын материалдарға биліктің әбден еті үйреніп, селт етпейтін күйге душар болғандай. Тіпті олар «ит үреді, керуен көшеді» дегенді берік ұстағандай дерсің. Бұл жерде айтпақ болған мораль не? Билік сынға қалмас үшін, халық үніне құлақ асуы қажеттігін айтқым келеді. Және осы бағытта жұмыс істеуге тырысамын.

– Биыл пандемия біздің қалыпты тіршілігімізді айтарлықтай өзгертті. Көптеген нысандардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Карантиндік шектеулер енгізілді. Осы ретте қалалық әкімдік халыққа карантиндік шектеулерге байланысты болып жатқан өзгерістер туралы халыққа нақты ақпарат беру үшін байланыс орталығын құрғаны белгілі. Бұл байланыс орталығы өз жұмысының тиімділігін көрсетті. Қазіргі таңда сол жобаның баламасы ретінде Ikomek (109) байланыс орталығы жұмыс істеп жатыр. Және ол байланыс орталығы көптеген халыққа соның ішінде өзім де бармын тиісті ақпараттарды нақты әрі опаретивті түрде жеткізіп жатыр. Егер депутат болсам осындай жобалардың көптеп жүзеге асуына өзіндік үлес қосуға күш салатын едім.

Мәселен, қазіргі таңда біздің қалада жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне бағыт-бағдар беретін ақпарат орталығын құру жұмысы қолға алынуы тиіс сияқты. Бұл орталықта мектеп жасындағы балалар үшін қалада дәл бүгін, немесе ертең қандай қызықты шаралар үйымдастырылып жатқаны, қандай нысандарға баруға болатыны, театрлар, үйірмелер мен түрлі конкурстар туралы ақпарат беріледі. Бұл үйінде телефонға телміріп отырған баласының көңілін басқа арнағы бұруға барын салып жүрген ата-аналар үшін де, қалаға келген қонақтар үшін пайдасы шаш етектен болатын жоба болады деп есептеймін. Өз кезегінде бұл «Нұр Отан» партиясының Салауатты ұлт қалыптастырудағы басты бағыттарының іске асуына көп көмегін тигізетін дүние болатынына сенімдімін.

– Қазіргі таңда кез келген атқарушы орган «Ашық әкімдік» талаптарына жүгінеміз дегенді айтудан жалықпайды. Бірақ көп ақпараттар бүкпеленеді. Әсіресе бюджет тарапынан орындалып жатқан жұмыстар бойынша мәліметтер тарқатылып айтылмайды. Бір ғана мысал. Жылдың басында Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Сайрам, Бадам су өзендерінің қауіпті учаскелері бетондау үшін бюджеттен 486 млн. қаржы карастырылғанын айтып, қалада су тасқыны болу қаупі жоқ екенін айтты. Бірақ өкінішке орай мамыр айында қатты нөсер жауын салдарынан өзен сулары тасып, Бадам өзенінің бір бөгетін бұзғаны анық. Бірақ ешкім де жыл басында осындай оралымсыздықтар болмас үшін бөлінген 486 млн. теңгенің қандай мақсатқа, өзеннің нақты қай бөлігіне жұмсалғаны туралы мәліметті сұраған да жоқ. Мұндай сарындағы пікір пішен, мысал мың. Билік сіз бен біздің ақшамыздың қалай жұмсалып жатқанын тиынына дейін айтып беруі қажет. Мұндай талап қазір көптеген халықтың көкейінде сайрап жатыр. Бірақ оны жеткізетін депутат жоқ. Мәслихатқа бару арқылы халықтың осы сынды талаптары мен мүдделерін билікке жеткізуді негізгі қағидаға айналдырамын.

«Дұрыс ақпаратпен қаруланған қоғам жүрер жолынан жаңылыспайды» деген сөз бар. Өзім ақпарат саласында жұмыс істейтіндіктен бұл ойдың орнықтылығына көз жеткізгенмін. Сондықтан да депутат болу сеніміне ие болсам, менің негізгі жұмысым осындай бағытты қамтитын болады.

Сонымен қатар, шалғай елді мекендердегі инфрақұрылым мәселелерінің өз шешімін табуға өзіндік үлес қосу үшін барынша белсенділік танытуға талаптанып отырмын.

Мәслихаттағы мүлгіген тыныштықты бұзу, ол жерді азаматтардың мүддесін қорғайтын ашық алаңға айналдыру үшін жастарға мүмкіндік беретін кез жетті.

#МағанДауысБер
#ГолосуйЗаМеня
#primaries2020
#NurOtan
#NurOtanShymkent
#NurOtanKaratau