ҰЛЫ АБАЙДЫ ШЕТЕЛ СТУДЕНТТЕРІ СОМДАДЫ

Шымкенттегі Аймақтық-әлеуметтік инновациялық университетінде Тәуелсіздік мерекесіне орай әрі қазақтың Бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына «Тәуелсіздік деп соғады жүрегім» атты іс-шара өтті. Биылғы Қазақстанның Өзбекстандағы жылы қорытындылануына сәйкес аталған университетте білім алатын өзбек ұлтының студенттері ұлы ақын Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, сахналық қойылымдар қойып, Абай кейпінде рөл сомдады.

Университет директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрбол Әбсеметов Ұлы дала елінің ұлық мерекесі Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, жиынның мән-маңызына тоқталды.

– Осындай елдік мерекенің маңызы Қазақстан мен
Өзбекстан арасындағы татулықтан-ақ көрініс табары сөзсіз. Екі ел Мемлекет басшыларының арасындағы түрлі меморандумның нәтижесінде биылдың өзінде Шымкент қаласына 10 мыңға жуық студент оқуға келді. Соның біршамасы біздің оқу орнында білім алуда. Олар сабақтан тыс уақытта университетіміздің жанынан ашылған «Тіл үйрету орталығында» қазақ тілі курсын оқиды, – дейді Нұрбол Есенбайұлы.
Аймақтық-әлеуметтік инновациялық университетінің «Тіл үйрету орталығының» меңгерушісі Ерлан Құдайбергенов өзбек студенттері қазақ тілі курсында оқығанына небәрі үш айдың жүзі болғанымен, сахнада көрсеткен өнері, мәнерлеп оқыған өлеңіне қарап жоғарғы баға беруге болатынын айтады.

«Әрине, тілдік акцент болмай қалмайды. Дегенмен Орта Азия халықтарының тілдік диалектілері өте ұқсас. Өзбек ағайындарымыздың тілі бізге етене жақын. Сондықтан бұларға көп қиындық туған жоқ. Оны өздеріңіз де хакім Абайдың қара сөздерін, шығармаларын өзбек студенттерінің аузынан тыңдағанда естідіңіздер», – деді Ерлан Жұмағалиұлы.

Осы ретте ерекше атап өтерлік жайт, Шымкент қаласында орналасқан жоғары оқу орындары арасында тек М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да ғана театр мамандығы бар. Сол себепті жоғары оқу орындарында спектакль, сахналық қойылым сирек болады. Бірақ бұл өнерді университет сахнасынан тамашалағысы келетін көрермендердің қатары көп. Бұған бүгін Аймақтық-əлеуметтік инновациялық университетінде өткен əдеби-сазды кеште 660 орындық зал лық толғаны дəлел. Сонымен, шетел студенттері сахналаған «Желсіз түнде жарық ай» қойылымын көрермендер тапжылмай отырып тамашалап, дəн риза болып тарқады.
Қойылымнан бөлек іс-шара барысында «Көркем» дуэті «Қазағым-ай» әнімен жиналғандардың рухын дүр сілкіндірсе, Мамырхан Жұбатов, Елнұр Көшер де әнімен тербетті. Ал «Арай» би тобы мың бұрала биледі.

Қорыта айтсақ, бүгінгі шара екі елдің ұзақ мерзімді ынтымақтастығының берік іргетасы екі ел татулығының көрінісі әрі тұғырлы Тәуелсіздіктің заңды жемісі екені айқын.
Аймақтық-әлеуметтік инновациялық университетінің баспасөз қызметі