Үкімет отырысында Шымкенттегі туризм саласының болашағы да сөз болды

Жиында сөз алған Үкіметбасы: «Шымкент қаласының Түркістан мен Ташкентке жақын орналасуы туристік инфрақұрылымның дамуына оң әсері бар», деді.
Бұл ретте «Цитадель» қалашығын қайта жөндеуді және халықаралық деңгейдегі ойын-сауық саябағының құрылысын аяқтау туристердің қосымша ағынын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Шымкент қаласының Түркістан мен Ташкентке жақын орналасуы туристік инфрақұрылымының дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына нақты серпін мен синергетикалық әсер береді.
Шымкент қаласы 2020 жылы ТМД мәдени астанасы болып жарияланды. Осы ретте мемлекеттік органдарға әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың әзірлігін уақытылы қамтамасыз ету тапсырылды.

«Кешенді жоспарды іске асырудың арқасында Шымкент қаласының жалпы өңірлік өнімі 2018 жылғы 2 трлн теңгеден, 2023 жылға қарай 3,5 трлн теңгеге дейін жеткізіледі», — деді Асқар Мамин.

Айта кетерлігі, Шымкент — Жібек жолы бойында орналасқан ежелгі қала. Ертеде мұнда түрлі мәдениеттер тоғысқан. Бүгінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі бізден өтуде. Азия мен Еуропаны жалғап жатқан бұл құрлықтық көлік дәлізінің Шымқаламыз үшін экономикалық пайдасы мол. Сондықтан, қаламыздың туристік әлеуетін арттыру үшін біздің туристік кәсіпорындарымыз бәсекеге қабілетті болуы қажет.