Үкімет басшысы Шымкенттегі ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Шымкент қаласына барып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мегаполисті дамыту бойынша қойған стартегиялық міндеттердің орындалу барысымен және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының іске асырылуымен танысты. Асқар Ұзақбайұлы металлургия, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, көлік инфрақұрылымын дамыту салаларындағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді.

Асқар Мамин Шымкент қаласындағы әуежайдың жаңа терминалының жобасымен танысты. Құрылыс жұмыстары биылғы шілде айында басталған, 2020 жылы мамыр айында аяқталады. Қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың айтуынша, сыйымдылығы сағатына 400 жолаушы болатын терминалды пайдалануға беру жолаушылар ағымын 10 есе арттырады.
Үкімет басшысы «Химфарм» зауытына барып, отандық фармацевтикалық индустрияның даму қарқынын тексерді. Кәсіпорында дәрі-дәрмектердің 71 түрі өндіріледі, бұл кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің аясында сатып алынатын дәрі-дәрмектердің жалпы көлемінің үштен бір бөлігінен астамын құрайды.

Кәсіпорынды аралау барысында Премьер-Министр инъекциялық препараттар мен инфузиялық ерітінділерді өндіру бойынша цехтың жарақтандырылуын көрді, сондай-ақ «Модельдік цифрлық фабрикалар» жобасының аясында іске қосылған Цифрлық инженерлік және білім беру орталығының жұмысын бағалады. Қазіргі кезде халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істеп тұрған фармацевтикалық өндірістерді жаңғырту бойынша 108 млн АҚШ доллары болатын аса ірі инвестициялық жоба іске асырылуда.

Жалпы, Шымкент қаласы – Қазақстанның ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі. Өңірде өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу мақсатында Асқар Мамин индустриялық-инновциялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған «Оңтүстік» индустриялық аймағы аумағындағы «Shymkent Temir» экспортқа бағытталған кәсіпорынға барды. Металлургия зауытының жобалық қуаттылығы – жылына 250 мың тонна болат дайындалады.