Кімде-кім адамға алғыс айта алмаса, Алла тағалаға шүкіршілік ете алмайды

Алғыс айту күні!                              

  Құран Кәрімде: «Сонда Мұса өз еліне: «Алланың сендерді Перғауынның әулетінен құтқарып, өздеріңе жасаған игілігін еске алыңдар. Олар, сендерді – ұлдарыңды бауыздап, әйелдеріңді тірі қалдырып, ең жаман азапқа салатын еді. Міне, осында сендерге, өздеріңнің Раббыңнан үлкен сынақ бар»,-деген еді. Әрі сонда сендердің Раббың: «Егер шүкір етсеңдер, сендерге оны міндетті түрде арттыра беремін. Ал, егер күпірлік етсеңдер, шын мәнінде азабым өте қатты»,-деп жариялады»,- (Ибраһим сүресі, 6-7 аяттар) деген аят Мұса (ғ.с.) пайғамбар халқының басынан өткерген адам төзгісіз қиыншылықтарынан Жаратқан Алла құтқарғандығын ескерте отырып, тұтастай бір елдің бейбіт өмір сүруі өлшеусіз бақыт екенін жеткізуде. Ал, осы мамыражай шуақты күндердің баянды болуы шүкіршілікпен жалғасын табатыны да айтылуда.

Алғыс айту күні қазақ тарихының сындарлы шақтарымен тығыз байланысты. Қазақ халқы қиын-қыстау заманды басынан өткізді. Бұрын-соңды болмаған зұлматты заман болды. Бұған қоса, тұтас ұлттың басына қара бұлт үйірілген шақта тілі басқа, діні бөлек қаншама ұлттарға пана бола білді. Тағдыр тәлкегіне түсіп, жан сауғалап, қазақ жерінен пана тапқан өзге ұлттар қазақ халқына шексіз алғысын білдіреді. Өйткені, олар дархан даламыздан жылу тапты. Бүгінде олардың ұрпақтары Қазақстанды өз отаны деп біледі. Осынау кең байтақ даланы мұра етуіміздің бірден бір себебі Алла Тағала ата-бабамыздың дархан пейіліне берген болса керек.

Бұл мереке тарихымыздағы ең ауыр да, шешуші кезеңін ұмытпауға шақырады. Сонымен қатар, бұл мереке қазақ халқының дархандығы мен даналығын көрсететін айтулы күн. Біздің халық бас сауғалап келген ұлт өкілдерін Хәкім Абай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» дегендей бөліп-жармай қолындағы барымен бөлісті. Бұл әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен һәм асыл діннің нәрімен біткен тектілік пен адамгершілік, дархандық мен кемеңгерліктің ең биік үлгісі. Мұндай ерлікпен мақтануға міндеттіміз. Ата-бабамыздың тектілігі мен адамгершілін жас ұрпақ бойына сіңіруіміз тиіс. Сондықтан Алғыс айту күні жай кезекті ұрандармен емес нақты тәрбиелік және тағылымдық іс-шаралармен өткізу керек. Қазақ тарихының алтын әріппен жазылған парақтарын жастарға жеткізу күні ретінде өткізу қажет. Қазақтың әрбір ұлт мақтана бермейтін ерлігі бар халық. Жас ұрпаққа өнеге болатын ғибрат мол мереке. Ұлттық кодымызды қалпына келтіруде қажетті құрамдас бөлшегі. Аталмыш мерекенің де басты міндетінің бірі осы деп ойлаймын.

Ең бастысы алғыс айту жақсылық істеген адамға емес, сол жақсылықты көрген адамға аса қажет екенін ескерген жөн. Сөзімізді дәйекті ету үшін шариғатқа жүгінейік. Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) риуаятында:

«Кімде-кім адамға алғыс айта алмаса, Алла Тағалаға шүкіршілік ете алмайды»,-деген хадис бар (Тирмизи).

Аталмыш хадис түсіндірмесінде: Алла Тағалаға шүкіршілік ету Оған бойұсыну және әмірлеріне бағынумен кемелденеді. Ендеше, Алла Тағаладан келген нығметке себепкер болған адамдарға алғыс білдіру Алла Тағалаға бойұсыну болмақ…»,-дейді. (Тухфат Ахуази кітабынан) Жоғарыдағы хадисті кеңірек түсіндіретін мына бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Адамдардың ішінде Алла Тағала ең көп шүкіршілік ететіндері, адамдарға алғыс айта білетіндері»,-деген (Ахмед, Табарани)

Мұның сыры, Алла Тағала адамдарға нығметтерін беруде пайғамбарларды, сахабаларды және ғалымдарды дәнекер етті. Сондықтан, оларға көп алғыс айтуы, Раббысына көп шүкіршілік етудің бір белгісі. Әрине, шынайы нығмет беруші – Алла. Алла Тағала кейбір нығметтерін дәнекерсіз береді, ол адамзатты он екі мүшесін сау етіп жаратуы сияқты. Ал, кейбір нығметтерін басқа бір адамның қолы арқылы береді. Міне, осыған орай дін ғалымдары: Егер шайтан Алла Тағалаға жетелейтін шүкіршіліктен де жақсы жол болса, шайтан сол жолдың бойында отырып азғыратын еді. Құран Кәрімдегі: «Содан кейін оларға алдынан, артынан, оң жағынан және сол жағынан келемін. Сөйтіп, Сен олардың көпшілігін шүкір етушілер ретінде таппайсың» (Ағраф сүресі 17-аят) деген аятты оқымайсың ба?,-деген екен. Байқасаңыз, бұл аятта шайтан азғыру арқылы адамдардың сабырын емес, шүкіршілігін алуды мақсат етуде екені меңзелуде. Құран Кәрімнің: «Біз Мұсаны мұғжизаларымызбен: «Еліңді қараңғылықтардан жарыққа шығар және Алланың күндерін олардың естеріне сал»,-деп жібердік. Ақиқатында, мұнда әрбір әрдайым сабыр, көп шүкір етушіге ғибраттар бар»,- (Ибраһим сүресі, 5-аят) аяты да соның бір айғағы.

Зуннун Мысри жақсылыққа алғыс білдірудің жолы жайлы:  «Өзіңнен жоғары тұрған адамға алғыс – бойұсынумен, өз деңгейлесіңе алғыс – рахмет айтумен, ал өзіңнен төмен адамға – жақсылық жасаумен болады»,-деген екен.

Хадис ғалымы Мұхаммед бин Хиббан: «Жақсылық жасалған адам алғысын жақсылықтан да абзал етіп немесе сол деңгейде қайтаруы тиіс. Өйткені, жақсылыққа алғысты артығымен етсе де жасалған жақсылықтың  дәрежесіндей болмайды. Жақсылыққа алғыс ете алмаған адам ауызбен алғыс білдірсін. Өйткені, жоқ кісінің ауызбен айтқан алғысы жақсылық орнына жүреді»,-деген екен. Сондай-ақ, нағыз азамат нығметке күпірлік етпейді және қиыншылықта еңсесін түсірмейді, ол нығметке шүкіршілік ал қиыншылыққа сабыр танытады. Аз жақсылыққа алғыс айта алмаған адам көбіне де шүкіршілік етпейді. Ал, нығметтің артуы мен көбеюі және пәлекеттің беті қайтуы Алла Тағалаға шүкіршілік етумен және дәнекер болған адамға алғыс айтумен болады»,-деген екен («Раудат Ъуқалә уә Нузһәт Фудалә» кітабынан).

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сөзінде:  «Кімде-кім сіздерге жақсылық әкелсе, оған есесін қайтарсын. Ал қайтара алмасаңыз, оған дұға-тілек жасаңыз» ,-деген (Табарани). Сахаба Сағид бин Ас (р.а.) Мадина қаласында көше бойлап келе жатып бір үйден су сұрайды. Үй иесі су беріп шығарып салады. Келесі жолы сол үйдің жанынан өтіп бара жатып: кім көбірек береді?,-деп жар салып жатқан дауысын естиді. Қызметкеріне: Барып сұра, не сатып жатыр?,-деп жібереді. Қызметкері үй иесінің қарызы бар екенін айтады. Сағид бин Ас барып, үйге кірсе қарызын сұрап келген кісі отырған екен. Үйдің қожайынынан мән-жайды сұрай келе берешек төрт мың динары барып білген соң лезде қызметкері өзінің үйіне жөнелтеді. Қызметкер жігіт бір қалта динар алып келеді. Сахаба сол жерде төрт мың қарызын қайтарып, қалған ақшаны үй иесіне беріп кетеді. Міне, бұл үй есінің шын пейілмен берген бір кесе суы үшін білдірген алғысы еді.

Құран Кәрімде:  «Жақсы жердің өсімдігі Раббысының рұқсатымен жақсы шығады. Ал, нашар болғандікі жұтаң болып шығады. Біз аяттарды Алланың игіліктеріне алғыс білдіретін адамдар үшін, осылай етіп түсіндіреміз» (Ағраф сүресі, 58-аят),-деген аят шүкіршілік пен алғыс айта білудің көптеген толассыз нығметтерге себеп болатындығы астарлап жеткізуде. Әз-пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алғыс айту жөнінде:  «Кімде-кім жақсылық көрсе айта жүрсін. Кімде-кім айтса шүкіршілік еткені, ал жасырып қалса қайырымсыз болғаны»,-деп айтқан сөздері көп мәселенің сырын аша түседі (Табарани)

Жер бетіні дамылсыз соғыс соқыларынан алған жарақатынан емделу үшін әрі адамзат бүгінге  мейірімділікке аса мұқтаж уақытта мұндай айтулы күн ауадай қажет. Сондықтан, Алғыс айту күні еліміздің азаматтары қазақ халқына алғыс айтуымен қатар баршамыздың өз ата-анамызға, бауырларымызға да қала берсе барша отандастарымызға алғыс білдіретін күн екенін ұмытпайық.

 

 Бақтыбай қажы Бейсенбаев,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының  Шымкент қаласы

бойынша өкіл имамы. 

84 рет оқылды
  • 9
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *