ӘКІМ ЖЫЛУ БЕРУ ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы жылу беру қазандықтарының жұмысымен танысты. Алдағы уақытта күрделі жөндеуді қажет ететін қазандықтардың жай-күйін бағамдады. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдымен қала басшысы әкімшілік іскерлік орталығында орналасқан қуаттылығы 160 Гкал болатын «Қуат жылу орталық -3» қазандығының жұмысын көрді. Қазіргі таңда қазандық көп пәтерлі 77 үйді, 9 бюджеттік мекемені, 35 шағын және орта бизнес нысандарын жылу энергиясымен және ыстық сумен қамтамасыз етеді.

Бұдан соң, қала әкімі бастаған жұмысшы топ Теріскей шағынауданында орналасқан «Аудандық РК-3» қазандығы мен Спорт шағынауданындағы К-24 жылу жүйесін аралап көрді.

Аралау барысында Мұрат Дүйсенбекұлына қазандық бойынша жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды. Тұрғындарды сапалы жылумен қамту үшін ертеректен қамдану керек екенін айтқан қала әкімі қысқы кезеңге дайындықты бекітілген жөндеу кестелеріне сәйкес жүргізілуін ескертті.