Кәсіподақтар федерациясының 2021-2025 жылдарға арналған Даму стратегиясын қабылдады

Кәсіподақтар федерациясының XXVI съезінің делегаттары Сатыбалды Дәулеталинді ҚРКФ төрағасы лауазымына сайлады және 2021-2025 жылдарға арналған Даму стратегиясын қабылдады.

2020 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кезекті XXVI съезі өтті. Съезде ҚР Кәсіподақтар федерациясының 5 жылғы жұмысы қорытындыланды және алдағы бес жылға ҚРКФ қызметінің басым бағыттары анықталды.

Алғаш рет онлайн режимде өткен съезд жұмысына республиканың барлық салаларын қамтитын 151 делегат, сондай-ақ, әлеуметтік әріптестер, саяси партиялар жетекшілері, ҚР Парламенті депутаттары, шетелдік кәсіподақ және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Съезд делегаттарына құттықтау сөз сөйлеген ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев бүгінгі күні кәсіподақтардың әлеуеті орасан зор ресурстарға ие  екенін атап өтті.

«Біз еңбекті Қазақстан қоғамының негізгі құндылығы ретінде дәріптеуіміз керек. Бұл – менің нақты ұстанымым. Бұл үшін тек атқарушы органдардың болуы жеткіліксіз екенін бәріміз түсінеміз. Сондықтан әлеуметтік серіктестік механизмі, мемлекет пен азаматтардың, үкіметтік емес сектордың екіжақты өзара әрекеттесу жүйесінің баламалары жоқ. Кәсіподақтар федерациясы – Қазақстандағы ең көп институционалдық тұрғыда дамыған қоғамдық бірлестіктердің бірі. Жалпы саяси өмірде, экономикалық, әлеуметтік, рухани және мәдени бағдарламаларды жүзеге асыруда оның алар орны ерекше», — деген Президент сөзін жеткізді Д.Абаев.

ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасарының айтуынша, 2017 жылдан бастап федерацияны басқару жүйесі айтарлықтай реформаланып, оның мүмкіндіктері кеңейтіліп, азаматтардың әлеуметтік, экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғайтын кеңес құрылған.

«Кәсіподақтар федерациясы еңбекке қатысты дау-дамайларды шешудің басты бастамашысына айналуы керек. Жұмысшылардың құқықтарын жүйелі түрде жүзеге асыру арқылы ғана әлеуметтік қызметкерлердің күмәні мен сенімсіздігін жоюға болады. Федерация үшін еңбек дауларын болдырмау үшін, әсіресе ірі кәсіпорындарда, өзінің әлеуетін жақсарту өте маңызды. Әлеуметтік серіктестік жөніндегі екіжақты комиссия шеңберінде функцияларды нақты бөліп, оның орындалуын тұрақты бақылауды қамтамасыз ету қажет. Бұл Федерацияның тиісті министрліктермен және әкімдіктермен жұмысшылардың делдалдығы бойынша бірлескен жұмыс үшін өзара іс-қимылының нақты алгоритмін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бізге барлық деңгейдегі кәсіподақтар арасындағы заманауи қолжетімді ақпараттық байланыс қажет. Ақпараттық кеңістікте қоғаммен өзара әрекеттесудің сындарлы арналарын құру қажеттілігі сезіледі», — деп қорытындылады Дәурен Абаев.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы ТоғжановҮкімет атынан съезд делегаттарына құттықтау сөзін арнады.

Ол кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейтін кәсіпорындарда еңбек ұжымдары мен жұмыс берушілер арасында байланыс жүйесінің тиімділігін атап өтті.

«Қазақстан кәсіподақтары – әлеуметтік тұрақтылық мақсатына қолжеткізу ісінде Үкіметтің сенімді серіктесі мен қатысушысы. Бұл ұйым жұмыс істейтін жерлерде еңбек ұжымдары мен жұмыс берушілер арасында тиімді байланыс жүйесі орнатылғанын білеміз. Жалақыны арттыру, еңбек және демалыс жағдайларын жақсартумен байланысты мәселелер тиімді шешіледі.  Елімізде күрделі жағдай орын алғанда Кәсіподақтар федерациясы өзінің басты мақсаты – жұмысшылардың еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауды белсенді жүзеге асыруда, еңбеккерлерге және халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобына материалды көмек көрсетеді, кеңес береді», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов өз кезегінде Кәсіподақтар федерациясының еңбеккерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы маңызды рөлін атап өтті.

«Кәсіподақтар федерациясыжұмыскерлер тарапынан да, жалпы қоғам тарапынан да жоғары сенімге ие.Әлеуметтік әріптестік шеңберінде, соңғы жылдары біз еңбекшілердің мүдделері мен құқықтарын қорғауға бағытталған бірлескен іс-шараларды белсенді түрде өткізудеміз.Жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жақсарту және әлеуметтік қорғалуы мақсатында Кәсіподақтар федерациясының белсенді қатысуымен еліміздің Еңбек Кодексіне және «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді.

Еңбек жағдайларын және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу бойынша міндеттемелерді айқындау мақсатында жұмыскерлер үшін 19 салалық, 200-ден астам өңірлік келісімдер, сондай-ақ 136,5 мың ұжымдық шарт жасалып, қолданылуда. Бұл Қазақстан кәсіподақтарының белсенді жұмысының тікелей нәтижесі», — деп атап өтті Біржан Нұрымбетов.

Министр әлеуметтік әріптестердің 2021-2023 жылдарға арналған жаңа Бас келісім жобасы бойынша бірлескен жұмысына назар аударды. Онда Үкіметтің, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің жұмыс қағидаттары нақты тұжырымдалуы тиіс.

«Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту бойынша, оның ішінде Халықаралық Еңбек ұйымы мен Халықаралық кәсіподақтардың ұсынымдарын іске асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруымыз қажет», — деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Халықаралық Еңбек ұйымының еңбеккерлердің қызметі жөніндегі Еуропа және Орталық Азия секторының меңгерушісі Сергиус Гловацкас Съезд делегаттарына арнаған сөзінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының қызметіндегі оң өзгерістерді атап өтті.

Халықаралық сарапшы Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының халықаралық кәсіподақтар қозғалысында өз позициясын нығайтуға бағытталған белсенді іс-шараларын, соның ішінде ХЕҰ Конвенцияларын ратификациялау бойынша бастамаларын жоғары бағалады.

Кәсіподақтар федерациясының жетістіктері мен кәсіподақтар бірлестігінің алдағы міндеттері туралы ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өз сөзінде айтып өтті.

ҚРКФ басшысы барлық кәсіподақ ұйымдары мен кәсіподақ мүшелерін елімізде лайықты өмірдің жаңа әлеуметтік үлгісін әзірлеуге белсенді қатысуға шақырды.

«Бүгін біз Кәсіподақтар федерациясы азаматтық бірегейлікті қалыптастыру және қамтамасыз ету, қоғамда әлеуметтік және саяси тұрақтылық жолында жұмыс істейтінін жауапкершілікпен мәлімдейміз».

Сатыбалды Дәулеталин делегаттардың назарын әлеуметтік әріптестікті дамыту маңыздылығына аударды.

«Кәсіподақтарға кәсіподақ мүшелері үшін тиімді келіссөздер қажет. Кәсіподақтарға өзінің экономикалық сараптамасы мен талдауын белсенді дамыту қажет. Бұл жерде біздің қадамымыз келесідей болуы тиіс: Жалақы бойынша келіссөздерге нақты құқық алу. Табыс деңгейінде теңсіздікті қысқартуды талап ету – бірінші кезекте, басшылық құрамға корпоративтік бонустарды «тоқтата тұру». Ең төменгі жалақыны арттыруға қол жеткізу», — деп атап өтті Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Оның айтуынша, алдағы уақыттағы нақты міндеттер ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру; жалақыны индекстеуді заңнамалық бекіту; бюджеттік сала қызметкерлерінің  еңбекақы төлеу жүйесін негізгі лауазымдық жалақыны заңмен белгіленген ең төменгі жалақыға ауыстыру; тұтыну себетін қайта қарау болып қала береді.

Сондай-ақ, басым міндеттер қатарында Халықаралық еңбек ұйымының «Дамушы елдерді ерекше ескеру арқылы  ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» №131-ші,  «Әлеуметтік қамтамасыз етудің минимал нормалары туралы»  №102-ші, «Ұжымдық келіссөздерге жәрдемдесу туралы» №154-ші конвенцияларын ратификациялау бар.

Бүгінде кәсіподақтар жұмысшыларға қауіпсіз еңбек жағдайы мен денсаулығының сақталуын қамтамасыз ету мәселелеріне алаңдаушылық білдіреді.

ҚРКФ басшысы жұмыс орындарына аттестация өткізетін кәсіби бағалаушылардың институтын құру және өтемақылық үлгіден кәсіби қауіптерді басқаруға тез арада ауысу қажеттігін атап өтті.

Оның айтуынша, «Кәсіптік одақтар туралы» Заң бірқатар өзгертулерді қажет етеді.

XXVI Съезд делегаттары еңбеккерлерге, кәсіподақ  ұйымдары мен әлеуметтік әріптестерге Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген жаңару бағыттарын қолдау туралы үндеу қабылдады.

«Ел үшін осындай шешуші сәтте Қазақстан Республикасының Президенті жаңа экономикалық бағыттың жеті негізгі бағытын атап өтті, олардың арасында азаматтардың міндеттері мен игіліктерді  әділетті бөлу принципі басым бағытқа ие болды.

XXVI съездің «Әділдік пен дамуға – бірлікте» атты басты месседжі  ел Президентінің жалпыға бірдей әділеттілікке қол жеткізу жөніндегі негізгі тезисімен үндес болғанының символдық  тұрғыдан мәні бар.

Біз, съезд делегаттары, Мемлекет басшысының әлеуметтік қолдау шараларын бірыңғай құжатта — Әлеуметтік кодексте шоғырландыру туралы бастамасын ерекше ықыласпен қабылдадық.

Кәсіподақтардың алдында әлеуметтік әріптестермен  бірге күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайдан ең аз шығынмен шығу және әрбір қазақстандықтың ертеңге деген сенімін сақтау міндеті тұр», — делінген.

ҚРКФ кезекті съезінде жас кәсіподақ көшбасшыларының атынан Түркістан облысынан 23 жастағы математика мұғалімі Төленді Зұлпыхар сөз сөйлеп, мақсаты жас қазақстандықтардың арасында кәсіподақтар қозғалысы идеологиясын ілгерілету екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жас қазақстандықтарды еңбек етуге бейімдеудің маңыздылығын атап өтті. Еңбек еткен адам ғана өз мақсаттарына қол жеткізе алады. Федерацияның Стратегияларын жүзеге асыру жас жұмысшыларға қарапайым Еңбек адамы кәсіподақтар тарапынан әрқашан қолдау табатынына сенімді болу мүмкіндігін береді. Мен мұғалім ретінде кәсіподақтарға «Педагог мәртебесі туралы» Заңның әзірленуіне белсенді қатысқаны үшін алғысымды білдіремін», — деп атап өтті жас кәсіподақ өкілі.

Сондай-ақ, Съезде ҚРКФ XXIV, XXV (кезектен тыс) съездерінің шешімдерін орындау барысы туралы Бас кеңестің есебі, ҚРКФ Тексеру комиссиясының 2015-2019 ж.ж. есебі тыңдалып, сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясының Жарғысына толықтырулар қарастырылды.Съезд делегаттары Кәсіподақтар федерациясының қызметіндегі негізгі бағыттар бойынша қарар қабылдады.

Бес жылдықтың басты кәсіподақ форумына қатысушылар пандемия дағдарысынан кейін экономиканы қалпына келтіру, жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге және Еңбек адамының лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік диалогтың жаңа форматына ауысу жағдайларында еліміздегі кәсіподақтар қозғалысын дамыту векторларын анықтады.

Съездің қорытынды сәті кәсіподақтар қозғалысын одан әрі жаңғырту мен реформалаудың жолын анықтайтын және жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін сенімді қорғауды одан әрі қамтамасыз ететін тиімді жұмыс үшін негіз болатын Қазақстан Республикасының кәсіподақтарының 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясын қабылдау болды.

Бүгін ҚРКФ жоғары органының қатысушылары – Съезд делегаттары басым дауыспен Сатыбалды Дәулеталинді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы лауазымына сайлады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі.