Кәсіпкерлік нысандарда жаңа жұмыс орындары ашылуда

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында коронавирус пандемиясына қарсы атқарылып жатқан жұмыстар және сақтық шаралары жөнінде брифингте  Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының Әл-Фараби ауданы бойынша басшысы Талғат Серманиязов мәлімдеді.

Брифингте ең алғаш сөз алған Ғабит Патшаханұлы Әл-Фараби ауданы бойынша карантинге 128 үй жабылып, бүгінде оның 76-сы ашылып, қалған 52-сі жабық тұрғанын алға тартты. Одан бөлек, карантинге жабылған аймақтарға тұрақты түрде залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

– Санитариялық-эпидемияға қарсы және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Әл-Фараби ауданы прокуратурасы, Әл-Фараби ауданы әкімі аппараты, Әл-Фараби ауданының жергілікті полиция қызметкерлері мен Әл-Фараби аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы қызметкерлері бірлесе 4 жұмысшы топ құрылып, Шымкент қаласы Бас санитарының №20 Қаулысында көрсетілген талаптарды орындау бойынша аудан аумағындағы барлық кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бізде 4 нарықтық базар бар. Оның біреуі («Қазыбек» базары) тәулік бойы жұмыс істейді. Ал қалғандары 06:00-19:00 аралығында. Сондай-ақ, 61 жанармай бекеті, 227 кафе, 156 асхана, 44 супермаркет, 575 азық-түлік дүкендері мен 204 дәріхана нысандары қызмет атқаруда. Олар күніне 2 рет дезинфекциялануда, – деді Ғ.Мәуленқұлов.

Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, аталған аумақта 672 көпқабатты тұрғын үй, 2244 кіреберіс алаңдары және 400 ойын алаңдары бар. Оларды дезинфекциялау жұмыстары 14 сервистік кызмет көрсетуші мекемелер тарапынан атқарылуда. Бұл заласыздандыру жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес арнайы мамандар жүргізеді. Ал қолданылып жатқан ерітінді адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз.

Брифингте белгілі болғандай, Шымкент қаласы Бас санитары А.Тулебаевтың №20 Қаулысына сәйкес 4 ірі сауда орталықтары («Shymkent Plaza» СҮ, ЦУМ СҮ, «Mega Planet» СҮ, «Береке» СҮ) уақыт шектеу енгізу арқылы өз жұмыстарын қайта жандандырған. Одан бөлек, 16 сауда орталықтары мен 575 шағын кәсіпкерлік нысандар жұмыс істеп тұр.

Тағы айта кетерлігі, бүгінде жылу түсіргіш (тепловизор) құралдарымен 12 кәсіпкерлік нысан жабдықталған. Ал аудан әкімі аппаратының мамандарымен санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар атқару мақсатында кәсіпкерлік нысандарға жылу түсіргіш құралдарын жабдықтау қажеттігі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Осы ретте Әл-Фараби ауданы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Талғат Құттыбайұлы 11 мамырға дейін 25 кәсіпкерлік нысандарға санитарлық режимді бұзғаны үшін хаттама толтырылғанын айтып, одан кейін тек түсіндіру және ескерту жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.

– Бүгінге дейін санитарлық нормаларды бұзып жатқан кәсіпкерлік нысандарға ескерту айтумен шектелдік. Ендігі кезекте хаттама толтырып, жаза қолданамыз. Қажет болса, жабуға көшеміз, – деді Т.Серманиязов.