Қиыншылықты бірігу арқылы жеңеміз

МАРХАБАТ БАЙҒҰТ-жазушы,Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:

Ел басына осындай қиыншылық түскен кезде бірігу арқылы ғана жеңіп шығатынымыз аян. Әсіресе, кәсібін дөңгелетіп, ел игілігі жолында еңбек етіп жатқан жеке кәсіпкерлердің осындайда жомарттық танытуы қуантарлық жағдай. Елбасы барлық Қазақстан азаматтарына, оның ішінде кәсіп иелеріне ерекше үндеу жолдады. Аты жаман аурудан халықты аман алып шығу үшін өз үлестерін қосуға шақырды. Жаны жомарттыққа жақын Түркістанның атымтай жомарт азаматтары бірден бұл үндеуге қолдау білдірді. Арыс оқиғасы кезінде талайға шарапаты тиген «Түркістан» қорына қаражат аударып, аурудың кең таралуының алдын-алуы үшін көмек көрсетер кәсіпкерлер шықты. Оның үстіне барлық саланың қызметкерлері бір күндік айлық ақыларын аударып, үлестерін қосуда. Міне, елдің бірлігі, бөлінбес ынтымағы осындайда білінеді. Жұмыла көтерген жүктің ауыр болмайтыны дәлелдеп, біз бұл қиындықты да бірлікпен, темірдей тәртіппен, жоғары жауапкершілікпен,талапшылдықпен, тазалықпен жеңіп шығарымызға кәміл сенемін.