Highvill Kazakhstan Шымкентте тұрғын үй салуды бастады

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Highvill Kazakhstan инвестициялық-құрылыс компаниясының өкілдерімен кездесті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тараптар «Shymkent City» жобасына қатысты бірқатар мәселелерді пысықтап, алда атқарылатын жұмыстарды саралады.

«Shymkent City» аумағында тұрғын үй құрылысын бастаған кореялық компания өкілдері қала басшысына атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндап, тұрғын үй кешені бойынша жобаларымен таныстырып өтті.

Инвестиция құны — 1 млрд. 350 млн. АҚШ долларын құрайтын бұл жоба бойынша аталған қалашықта компания 7 мыңнан астам пәтер болатын тұрғын үй кешенін салатын болады. Бүгінгі күнге тұрғын үйлердің жер қазба жұмыстары жүргізілуде.

Шетелдік инвесторларға тұрғын үй құрылысын жүргізуде ешқандай кедергінің болмайтынын айтқан қала басшысы тұрғын үйдің сапасынан бөлек, оның сейсмикалық жағдайға да төзімді болуын ескеру қажет екенін айтты.

Айта кетейік, «Shymkent City» – мегаполистің солтүстік аймағында орналасқан, 12 орамнан тұратын шағынаудан. Онда тұрғын үй мен бизнес орталықтарынан бөлек, сауда орындары, емхана, ойын-сауық орталығы, гүлзар мен демалыс аймағы болады деп жоспарланған.