ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІК ДИАЛОГЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА ҮЛЕС ҚОСАМЫН

Нұрғазы Бұхарбай, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы:

– Президенттің қоғамдық диалогты дамыту бастамаларын ерекше атап өтер едім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінгі Жолдауы арқылы халықтың ойында жүрген мәселелерді дөп айтты. Жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауымыз керек дегені, оның ішінде азаматтық диалогты күшейту туралы бастамаларының маңызы зор. Халық пен жергілікті биліктің байланысында кедергілер болмауы керек. Осы орайда «Ашық есік» жобасын жандандыруды қолдаймын. Қоғамдағы өзекті мәселелер дер кезінде айтылып, оны қолға алу жұмыстары да уақытынан кешікпесе, оны шешу жолдары да тез табылады.

Президент «Әрбір министрде және әкімде нәтижелі жұмыстың негізгі көрсеткіштерінің тізімі болуы тиіс. Сол арқылы олардың нақты мақсатқа қол жеткізу деңгейі анықталады» деді. Қоғамның пікірі жергілікті билік қызметінің тиімділігін халыққа бағалату жобасын енгізуге болатыны жайлы сөз қозғады. Бұл деген Үкімет пен қоғам арасындағы диалогты дамыту. Халықтың жергілікті билікке көзқарасын, бағасын білу. Соған байланысты Мемлекет басшысы Парламентке бірқатар заңдарды әзірлеу туралы нақты тапсырмалар берді. Қазіргі қоғам алдағы уақытта тиісті заңдар қабылданған соң Президентке алғыс білдіреді деп ойлаймын. Біз осы жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне, жемісін беруіне қолдау танытып, халық пен билік арасында диалог қалыптасуына өз тарапымыздан да мейлінше үлес қосамыз. Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы ретінде мен сол игілікті мақсатқа қызмет етемін.