ЕТ ӨНІМДЕРІ ШЕТ МЕМЛЕКЕТТЕРГЕ ЭКСПОРТТАЛУДА

Ауылшаруашылығы – облысымыздың экономикасының басымды бағыттарының бірі. Өсімдік және мал шаруашылықтарынан тұратын бұл салаға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінуде. Өйткені, жерге дән шашу арқылы ертеңгі күні елге нан шашатынын және малдың баланың шашуы екенін түсінген азаматтардың саны күн санап артып келеді. Түркістан облысындағы ауылшаруашылығына бейім аудандардың бірі — Сайрам ауданы.

Бүгінде аудандағы 210 мыңнан астам халықтың дені жер жыртып, мал ұстайды. Яғни, бақпаса малдың, баптамаса егіннің өспейтіндігі олардың ұдайы қаперінде. 2018 жылы ауданның ауылшаруашылығы саласында 63 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Одан алдыңғы жылы өнім көлемі 54,3 млрд.теңгені құраған болатын. Өткен жылы 52 288 Га егістік жерге ауылшаруашылығы дақылдары егіліп, 123 946 тонна көкөніс, 60 200 тонна картоп, 18 100 тонна жеміс -жидек, 34 200 тонна бидай, 3200 тонна арпа және 8056 тонна мақсары жиналып алынды. «Диқан жерім дейді, жері үшін ерінбейді» дегенді ұран етіп алған ауданның еңбекқор шаруалары өткен жылы 152,2 Га жерге тамшылатып суғару әдісін ендірді, 5,2 Га жерге жылыжайлар салды. Осылайша, жұмыс істеп тұрған жылыжайлардың көлемі 31,4 гектарға, тамшылатып суғару әдісі ендірілген жер аумағы 608 Га жетті. Нәтижесінде, өсімдік шаруашылығында 25,2 млрд.теңгенің өнімі өндірілді.

Ауданда мал шаруашылығын дамыту бағытында да жетістіктер жоқ емес. Атап айтатын болсақ, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 124 бас ірі қара мал, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 230 бас ұсақ мал сатып алынса, «Құлан» бағдарламасы арқылы 42 бас жылқы алынып, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізілді. Сондай-ақ, өткен жылы ауданда 102 бірлік 10-15 бастық шағын мал бордақылау алаңдары, 42 жанұялық сүт аулалары ашылды. Жалпы 989 мал бордақылау алаңдарында бір мезетте 34-35 мың бас мал бордақылануда. 2018 жылға 348 тонна мал және қой етін экспорттау жоспарланса, 1263,6 тонна ет экспортқа шығарылды.

Нәтижесінде, мал шаруашылығында 37,8 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, 2017 жылмен салыстырғанда 9,7% артқан. Егіс даласында еңбек етіп жатқан агроқұрылымдарды қолдау мақсатында 1437,4 млн.теңгеге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидиялар берілген. 2018 жылы өткен облыстық «Агрофест-2018» мерекелік іс-шарасында жыл қортындысымен Сайрам ауданы ет өндіру бойынша I – орын, мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан I- орын және агроөнеркәсіп кешенінің даму бағдарламасы көрсеткіштерін орындаудан III — орынды иеленді. Жеке номинациялар бойынша «Нұр Көл» ЖШС астық өндіруден және «МанкентАгро» АШӨК көкөніс өндіруден облыс бойынша үздік атанды.

Басым бағыт ауыл шаруашылық саласының тұрақты өсімін қамтамасыз ету бағытында әзірленген «Сайрам ауданында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың аймақтық бағдарламасына» сәйкес 2019 жылы ауыл шаруашылық өнім көлемін 69,9 млрд.теңгеге, тамшылатып суғару әдісін 670 гектарға, жылыжай көлемін 40 гектарға жеткізу жоспарланған. Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бұл салада 2019 жылы бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.

65 рет оқылды
  • 20
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *