Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жетеді

Президент Қ.Тоқаев өзінің Жолдауында көптеген қордаланып қалған мәселелерді өткір қойып, шешу жолдарын ұсынып отыр. Отандық зейнетақы жүйесіндегі олқылықтардың орнын толтыру қажеттігін баса айтты. Мемлекет басшысы бұл сала шырмауы көп шым-шытырық салаға айналғанын жасырмады. Қазір қатты білінбесе де, 10 жылдан кейін зейнетақы қорларының жетіспеушілігі әбден білінуі мүмкін. Зейнетақы аударымдарын жасайтын еңбек нарығындағы азаматтар әлдеқайда азайып, зейнеткерлердің саны күрт өсуі мүмкін. Сонымен қатар зейнетақы активтер есебінен алынған зейнетақы қорлары мен инвестициялық кірістердің деңгейі төмен болып отыр. «Сондықтан Үкімет Ұлттық Банкпен бірге зейнетақы жүйесін оңтайландыру үшін салмақты жұмыс атқаруы тиіс. Қазір жұмыс істейтін адам зейнетақы қорын тек зейнетке шыққанда ғана пайдалана алады. Алайда адамдардың зейнет жасына жетпей-ақ бұл аударымдарды пайдаланғысы келетіні түсінікті», — делінген. Сондықтан Үкіметке жылдың соңына дейін жұмыс істейтін азаматтарға зейнетақы қорларының белгілі бір бөлігін мақсатты түрде пайдалануға, мәселен, үй алу үшін немесе білім алуға жұмсауға беруге тапсырма берді. Сондай-ақ Президент әлеуметтік қамсыздандырудың бюджеттен тыс жүйесін шоғырландыру үшін ортақ әлеуметтік қор құру және бірыңғай жиынтық төлемдер жасау арқылы шешу мәселелерін жіті зерделеуді тапсырды. Расында зейнетақы саласы соңғы жылдары көптеген өзгерістерге ұшырағаны баршамызға белгілі. Енді мына Жолдаудан кейін бұл сала бір ізге түсетініне үміт артып отырмыз.

М. Бейсенова, экономика ғылымдарының
докторы, профессоры