Дәрігерлер медициналық көмекті қолжетімді етуде

Шымкенттік дәрігерлер шалғайдағы елдімекен тұрғындарына медициналық көмек көрсетті, деп хабарлайды oninfo.kz денсаулық сақтау басқармасының баспасөз ққызметіне сілтеме жасап. Кезекті акция № 9 Шымкент қалалық емханаға қарасты Жиделі елдімекенінде өтті. Жылжымалы медициналық кешен құрамында білікті стоматолог, кардиолог, невропатолог, терапевт, педиатр, әлеуметтік қызметкерлермен қатар дұрыс тамақтану бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары кеңес берді. Сонымен қатар, тұрғындар қанға сараптама жасатып, диагностикалық тексеруден өтуге мүмкіндік алды.

– Акцияның мақсаты – медициналық көмектің қолжетімділігін оңайлату. Біз емхананың бөлімшесі болғандықтан жалпы тәжірибелі дәрігерлер ғана қызмет етеді. Сондықтан келушілерге кардиолог, педиатр, неврапатолог мамандар арнайы келіп, УДЗ, ЭКГ аппаратына диагностика жасауда. Бұл жалпы аурудың алдын алуға негізделген, – деді №9 емхананың Жиделі бөлімшесінің меңгерушісі Зәуре Дәрменкулова.

Жиделі елдімекенінде 2500-ге халық тұрады. Акция аясында елдімекен тұрғындары денсаулығына бей-жай қарамай, белсенділік танытты. 500-ге жуық тұрғын дәрігерлерден кеңес алып, тексерілді.

Айта кетейік, «Денсаулық жолы» акциясы аясындағы іс-шара 21 тамызға дейін жалғасады.