БЕРІК АЙДАРБЕКҰЛЫ БЕКЖАНОВ – «QALA UAQYTY» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ҚОНАҒЫ

Ontustik телеарнасының “Qala uaqyty” бағдарламасының бүгінгі қонағы – “Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов. Берік Айдарбекұлы бағдарлама барысында кәсіподақтардың жұмысы бойынша тарқатып айтып берді.

Берік Айдарбекұлының мәлімдеуінше, кәсіподақтардың қазіргі қоғамдағы өз орнын табуы, заман ағымына сай қызмет көрсетуі үлкен іскерлікті талап етеді. Қаламызда әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша комиссия, Шымкент қаласының ҮШЖАҚТЫ комиссия отырысы жұмыс жасайды. ҮШЖАҚТЫ комиссияның отырысында еңбек қатынастары, оның ішінде еңбек, ұжымдық шарт жасасу бойынша, өндірістік жазатайым оқиғалар және жалақы қарыздары орын алған кәсіпорындар, мекемелер басшыларының қатысуымен қарап, олардың жауапкершігін арттыру жұмыстары және алдын алу шаралары тұрақты негізде күн тәртібіне сәйкес жоспарлы жүргізілуде. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде Кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен қор жасақталып, оған салалық кәсіподақтар тарапынан қолдау көрсетіліп, ол қорға 1 миллион 150 мың теңге қаржы жинақталды. Ол қаржыға әлеуметтік аз қамтылған 100 (жүз) отбасына арнап азық-түлік себептері алынған. Шымкент қаласында 50 отбасы, Түркістан облысында 50 отбасыға азық-түлік жеткізіліп, 2000 бетперде тегін таратылғанын жеткізді. Сонымен қатар, осынау індет жайлаған заманда, Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бұзылуы салдарынан Мақтаарал ауданына су тасыған кезде кәсіподақтар да шетте қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Өзбекстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы Мақтаарал ауданына бірлесе 66 миллион теңгенің қайырымдылық көмегін көрсетті. Халқымыз: «Бірлігі бар елдің, белін ешкім сындырмас», – деген. Біздің күшіміз – бірлікте.

Берік Айдарбекұлы, бағдарлама барысында «Nur Otan» партиясының төрағасы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен іске қосылған «Primaries 2020» партияішілік сайлауға да тоқталды. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттығына үміткер ретінде сайлауалды бағдарламасының, атап айтсақ, руханият, денсаулық сақтау, білім, жұмыспен қамту, еңбек қатынастары, экономика, экология салалары бойынша ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.