БЕКТАС БЕКНАЗАРОВ ШЫМКЕНТКЕ БАРДЫ

👁‍🗨  

ҚР Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров
жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Сенат Төрағасының орынбасарымен бірге Шымкенттен сайланған сенаторлар Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова сапар барысында қала әкімі Ерлан Айтахановпен кездесіп, Парламентпен қабылданған заңдардың жергілікті аумақтар бойынша іске асырылуы, мазмұны, рухани жаңғыру және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері жөнінде әңгімелесті.

Сонымен қатар, депутаттар қаланың 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі қорытындылармен және биылғы жоспарларымен танысты.

Қала басшысы өнеркәсіп пен білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларында атқарылған жұмыстар жайы мен мегаполисті дамыту бағытындағы жоспарларымен бөлісті.

«Мемлекет басшысының Шымкент қаласын дамыту бойынша берген тапсырмасының негізінде қаланың үш жылдық даму жоспары бекітілді. Біздің жұмысымыздың негізгі бағыты — Түркістан облысынан қосылған 41 елдімекеннің инфрақұрылымын дамыту. Мәселен, биылғы бюджеттің 70 пайызы дәл осы 41 елдімекеннің аталмыш проблемаларына бағытталады», — деді Ерлан Қуанышұлы.

Өз кезінде Бектас Әбдіханұлы Парламентпен қабылданған заңдарды халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында осы жылдың 5 қаңтарынан бастап өңірлерді аралап, тұрғындармен кездесіп жүргенін айтты.

«Өткен жылы Сенат пен Мәжіліс халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашатын 83 заң жобасын қабылдады. Қос палата депутаттары заңнамалық жұмыста Тұңғыш Президент – Елбасының әлеуметтік стратегиялық бастамалары мен Президенттің халықты қолдауға арналған тапсырмаларын негізге алды. Ең бастысы қабылданған барлық құжат азаматтарды қолдауға және қорғауға арналды», — деп атап өтті Сенат спикерінің орынбасары.