Б.Сапарбаев Шымкент қаласына іссапармен келді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Шымкент қаласына іссапармен келді, деп хабарлайды oninfo.kz. Іссапар мақсаты – Шымкенттегі әлеуметтік нысандарды аралап, тыныс-тіршілігімен танысу. Ведомство басшысы «Белсенді өмір сүру орталығына» барып, жуырда ашылған мекеменің жұмысына қанықты.

Орталық зейнет жасына жеткен тұрғындардың белсенді әрі салауатты өмір сүру салтын қалыптастыру мақсатында қызмет көрсетеді. Осы мақсатта ғимарат интернет кафемен, емдік-массаж, физико-емдік кабинетпен, кинозалмен, кітапханамен, спорттық-жаттығу (йога, үстел теннисі, бильярд) аймақтарымен жабдықталған. Шымкенттегі бұл алғашқы орталық Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың отандастарымыздың өмір сүру жасын ұзарту мен бұқаралық спортты дамыту бойынша тапсырмасы аясында ашылған. Айта кетейік, шымкенттіктердің өмір сүру жасы ұзарып келеді. Мегаполис тұрғындарының қазіргі таңдағы орташа жасы 78 жастан асады.

«Белсенді өмір сүру орталығына» 70 егде жастағы тұрғынға 2 ауысым бойынша 4 сағаттан қызмет көрсетіледі. Орталық ашылғалы 105 азаматқа қызмет көрсетті.