Арыстың келбеті өзгермек

Нұрғиса ЖАНБАТЫР, Арыс қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы, Қалалық қала құрылысы кеңесі төрағасының орынбасары:

 

– Нұрғиса Ережепұлы, былтыр Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жариялағаны белгілі. Онда Президент жергілікті нысандар мен елдімекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасын ұсынды. Бағдарлама негізінде жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналдырып, туған жерге туыңды тік, өз өлкеңді көркейт, көгалдандыр, абаттандыр деген ұтымды ұсыныс жасады. Осы орайда, айтыңызшы, аталған бағдарлама аясында Арыс қаласында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Елбасы айқындап көрсеткен «Туған жер» бағдарламасы – отансүйгіштікке тәрбиелеудің басты құралы. Туған жер деген сөздің астарында терең мағына бар. Білсеңіздер, Президент туған жерге деген сүйіспеншілік кішкентай өлкеден, қаладан басталатынын айтып өтті. Жалпы, арыстықтар «Ұлтымыз барыс болсын десек, ұл-қызымыз арыс болсын» деп ізгі ниетте сөз саптап жатады. Бұл сөз бекер емес. Саз падишасы Шәмші Қалдаяқов әнге қосқан Арыс – қашаннан намыстың елі. Жоғарыдағы сөз әр арыстықтың бойында қаламызға деген мақтаныш сезімін ұялатып, қаламызға деген құрметті оятады. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дегендей, Арыс қаласы да – бәріміздің сүйікті қаламыз. Осында туып ержеттік, алыста жүрсек сағынатын жеріміз, қал-қадірімізше қазір еңбек етудеміз. Қаламыздың таза, көрікті болғаны бәріміз үшін өте қажет және солай болғанын қалаймыз да. Осы бағытта қала әкімі қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне жобалар дайындауды тапсырған-ды. Дайындалған жобалар көпшілік қолдауына ие болған жағдайда ғана іске асуы тиіс деген мақсатпен Қала құрылысы кеңесін құруды ұсынды. Демек, жобалар бір кабинетте жасалып, тек бір адамның ойымен ғана емес, көпшіліктің сын-тезінен, ой-талқысынан өтіп, түзетулер енгізіліп барып, сапалы болып дүниеге келеді деген сөз. Арыс қалалық Қала құрылысы кеңесі қала әкімдігінің қаулысымен құрылып, оның құрамына ҚР сәулетшілер, суретшілер одақтарының мүшелері болып табылатын тәжірибелі сәулетші, мүсінші, суретші, дизайнер мамандар тартылды. Кеңес төрағасы – қала әкімінің өзі. Әр аптаның бейсенбі күні кеңестің кіші мәжілісі, ал әр айда бір рет кеңейтілген мәжілісі өткізілуде. Қала көшелері мен жолдарын абаттандыру көгалдандыру бойынша, ғимараттар қасбеттерін жаңарту және демалыс орындарын дамытуға қатысты түрлі ұсыныс жобалары әзірленіп, осы кеңес қарауында талқыланып, оң қорытынды алған жобалар іске асуда. Атап айтар болсақ, Арыс қаласында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 60 және 90 пәтерлік көпқабатты екі тұрғын үй құрылысы бой көтеріп, пайдалануға берілді. 150 отбасы қоныс тойын жасады. «Модернизация» бағдарламасымен бірқатар көпқабатты тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өтті, бүгінгі таңда 3 қабатты 3 тұрғын үй құрылысы бой көтеріп пайдалануға берілуде. Қала кәсіпкерлеріне қолдау көрсету мақсатында қала ажарын ашатын 2 қабатты «Кәсіпкерлік мектебі», «Дене шынықтыру сауықтыру кешені» құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Жазғы спорт алаңшалары және көпқабатты тұрғын үйлер ауласына балалар ойын алаңшалары пайдалануға берілді. Қалалық мәдениет үйі қайта жаңғыртылып, жөндеуден өтті. Байырқұм, Монтайтас елдімекендерінің клубы да күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне ұсынылды. Мінеки, Арыстың ажарын ашып жатқан игі істердің бірқатары осындай.

– Шынында, бүгінде қалада оң өзгерістер болып жатқанын көзі қарақты жұрт біледі деп ойлаймыз. Қаланың сәнін келтірген бұдан бөлек қандай ауқымды істер бар? Қысқаша баяндап өтсеңіз…

– Арысқа жиі келіп жүрсеңіздер, көрген шығарсыздар, қаланың кіреберісіндегі аспа көпір алдынан қазақтың ұлттық оюларымен нақышталған «Арка» қойылды. Қала ішіндегі ірі көшелердің бойлары, атап айтқанда, Әл-Фараби көшесі бойындағы екі жақты жолдың ортасындағы гүлзарлармен әсемделіп тұрған жерді темір шарбақтар мен қоршау жұмысы, заманауи стильдегі аркалар көше бойына бағдаршамдар, Елбасы жолдауы жазылған панно, көше бойындағы қаламызға сән беретін билбордтар орнатылды. Сонымен қатар, Арыс өзені жағасында аумағы 12 га жерді қамтитын «Дендросаябақ» құрылысы жүргізіліп, қала тұрғындарының бос уақытын өткізуге, серуендеп, мерекелік іс-шаралар өткізуге қолайлы нысан бой көтерді. Әл-Фараби және Ақынбеков көшелері бойынан жаңа скверлер құрылысы жүргізіліп, көпшілік серуендеуге арналған орындарға айналды. Қала орталығындағы 5 көше (Әл-Фараби, Ақынбеков, Ергөбек, Тәжібаев, Майлықожа) қайта құрылымдаудан өтіп, көлік қозғалысы 2 бағыттан 4 бағытқа кеңейтіліп, аяқжолдары, жарықшамдары тартылды. Жаңа үлгідегі аркалар орнатылып, жаңа үлгідегі аялдамалар қойылды. Орталық алаң маңынан «Мәңгілік Ел» саябағы мен «Құрметті Азаматтар» аллеясыныңжобалары Қала құрылысы кеңесінің бұрынғы отырыстарында қаралып, бекітілген жоспарға сәйкес әзірленіп, жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, бүгінгі таңға құрылысы толық аяқталды. «Мәңгілік Ел» саябағы ішінен биіктігі 16 метрді құрайтын «Тәуелсіздік» монументі салынды. Үстінде шұғылалы күн ішінде шаңырақ күн астында қалықтап ұшқан қыран бейнесі ою-өрнекті келбетте орнатылған. Монумент постаментінің алдынғы көрінісінде Елбасының Тәуілсіздік туралы қанатты сөзі, басқа беттерінде кереге тәрізді өрнектер бейнеленген. Әл-Фараби көшесі бойынан саябаққа кіреберіс арка, монументтің оң қанатында қанатты сөздер жазылған мәрмәр таспен қапталған тақтайша орналасты. Ал «Құрметті азаматтар» аллеясында еліміз егемендік алғаннан бергі «Арыс қаласының Құрметті азаматы» атағын иемденген 185 азаматтың есімдері жазылды. Қала тұрғындары мен қонақтары осы аллеяда жүріп, тынығып бос уақытын өткізіп ғана қоймай қаланың Құрметті азаматы атағына ие тұлғалардың аты-жөнін оқып танысатын болады. Құрметті азаматтар аллеясына Д.Қонаев көшесі арқылы кіретін арка және көпшілікке арналған ротондо үлгісіндегі сәкілер бой көтерді. Жобалардың авторы – белгілі сәулетші, ҚР сәулетшілер одағының мүшесі Көшенов Мұхит Қадырұлы. Осындай жұмыстардың бәрі де, әрине, елдігіміздің нақты айғағы әрі тұрғындардың қаламызға деген құрметін еселей түсетіні де ақиқат. Түптеп келгенде, бұл өскелең ұрпақ үшін өте қажет.

– «Арыс – тоғыз жолдың торабындағы шаһар» деп жиі айтып жатамыз. Қалаға келетін қонақтардың да аз емес екенін білеміз. Бұл ретте, шаһардың туристік әлеуетін және мәдени келбетін айшықтауда нақты қандай жоспар-жобалар қолға алынуда?

– Арыс қаласының кіреберісінен салынатын композициялы «Паспорт» жобасын айта кетсек болады. «Паспорт» композициясының жалпы биіктігі 9 метр көк түсте ашық аспан еркіндік нышаны негізінде, екінші жарты алтын түстес бейнеде киелі 7 метр биіктікпен ел байлығы ретінде, екеуін жалғаушы үш жолақты ақжол бағытында жол тартқан тарих пен келешегі мол темір жолында зымыраған пойыз, ою-өрнек салт-дәстүрмен қаламыздың мәдениет тамыры. Қаламыздың атауы «А» әріпінен бастау алған соң осының бәрі «А» әріпі композициясы бейнесінде жасалып бейнеленген. Жобаның авторы – сәулетші М.Избасаров. Сондай-ақ Абдразахов көшесі бойынан аумағы 4600 шаршы метр жерге және «Көктем-2» тұрғынауданынан аумағы 8800 шаршы метр жерге, Арынбаев көшесі бойындағы ескі қымызхана орнына сквер, Байтұрсынов көшесі бойындағы сквер құрылыстары жоспарланып, нобайлық жобалары бекітіліп, жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленді. «Арыс-2» вокзалы аумағы, қаламыздың кіреберіс көше бойын және аспалы көпір аумағын абаттандыру орталық алаңды қайта жаңғырту нобайлық жобалары дайындалды. Қаламыздың Шымкент, Шардара, Монтайтас және Дермене бағыттарынан аркалар орнату нобайлары бар. Қаладағы көше қиылыстарын абаттандыру, кіші сәулеттік нысандар орнату бойынша жобалар дайындалып, жұмыстар атқарылуда. Қала орталығы маңында орналасқан шатқалды абаттандырып, «Арыс шатқалы» белгісін орнатып, тұрғындардың бос уақытын өткізуге және түрлі спорттық ойын-сауықтар ұйымдастыруға қолайлы жағдай туғызудың жобасы әзірленді. Осы атқарылған жұмыстар Арыс қаласының әкімінің төрағалымен Қалалық қала құрылысы кеңесі мәжілісінде құрылған комиссияның оң қорытындысымен іске асуда. Сөз реті келген соң айта кетейін, аталған нысандардың салынуына тікелей басшылық жасайтын қала әкімі Қадырбек Мұрат Болатұлының, осы бағытта атсалысып жүрген қала әкімінің орынбасары Ақтаев Ербол Қарсыбайұлының, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы болған, ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі Көшенов Мұхит Қадырұлының, сондай-ақ «Қызмет Сервис Арыс» ЖШС директоры Кеңесхан Сәрсенбаевтың еңбектерін ерекше атап өткеніміз артық болмас.

– Арыс қаласының бас жоспарындағы соңғы өзгерістер туралы айтсаңыз. Сондай-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қандай жоспар жасалуда?

– Арыс қаласының қолданыстағы бас жоспары облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 30 наурыздағы №11/113-IV шешімімен бекітілген. Бұрынғы бас жоспарды өзгерту қажеттілігі Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігінің қалаларға 5 км қашықтықта орналасқан елдімекендерді сол қала құрамына қосу туралы тапсырмасына сәйкес Арыс қаласымен шекаралас жатқан Сырдария және Онтам елдімекендерін Арыс қаласымен біріктіруге байланысты туындады. Жобаның негізгі мақсаты – халықтың өмір сүруіне қолайлы орта жасауға бағытталған Арыс қаласының инженерлік инфрақұрылымның әлеуметтік-экономикалық және қала құрылысы дамуының ұзақ мерзімді болашағы анықтау. Қала территориясының бұрынғы аумағы 5474 га болатын, қазіргі жалпы аумағы — 5914 га құрап, қосымша 440 га кеңейтілді. Арыс қаласының бас жоспарын дамыту үшін әзірленген қаламыздың территориялық аумағына кіретін «Тараз-2» тұрғынауданы аумағы 300 га жерді қамтиды және «Отырар-2» тұрғынауданынан аумағы 270 га жерді қамтыған егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары дайындалып, қала әкімінің 2017 жылғы 2 тамыздағы №294, №295 санды қаулыларымен бекітілді. Бөлім тарапынан аталған тұрғын ауданның инфрақұрылымын жүргізуге тиісті мекемелерге жұмыстар атқару үшін жолданды. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы Арыс-Шымкент тас жолы бойынан аумағы-108 га жерге аз қабатты және жеке тұрғын үйлерге арналған жаңа тұрғын ауданның және «Оңтүстік» тұрғын ауданы маңындағы 500 га жерді игеру үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеуге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Дастан Баширов.

  • 255
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *