Ардақ Назаров қазақтың үш «батырына» эстафета жолдады

ММА чемпионы Ардақ Назаров өзінің шәкірттерімен бірге Challenge Street Workout KZ акциясы арқылы күш қабілетін көрсетіп, боксшы Данияр Елеусіновке және елімізге белгілі балуандар Ақжүрек Таңатаров пен Нұрбақыт Теңізбаевқа акция тізгінін ұстатты, деп хабарлайды inform.kz ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ММА чемпионы мен оның спорттық клубы Challenge Street Workout KZ сайысына осылай үн қосып отыр. Өздерінің ұстаздарымен бірге кішкентай балалар да шеберліктерін паш етті. Айта кетерлігі, әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров челленджді еліміздің мақтанышы Қанат Исламнан қабылдаған болатын.

Акцияға қатысушылар әртүрлі спорттық құрылымдарда, турникте өздерінің дене машығын көрсетті. Жаттығуды орындағаннан кейін Ардақ Назаров Жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпаздарына қарата сөз сөйледі.

«Мен бұл эстафетаны Қанат Ислам бауырымнан қабыл алдым. Ары қарай эстафетаны қазақтың батырлары Данияр Елеусінов, Ақжүрек Таңатаров пен Нұрбақыт Теңізбаев бауырыма жолдаймын. Алға Қазақстан», — деді Ардақ Назаров өзінің шәкірттерінің ортасында.

Еске сала кетсек, «Street Workout KZ» акциясын ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастап берген болатын. Арыстанбек Мұхамедиұлы жобаны өзі бастап, «Street Workout KZ» байқауын — Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевке, танымал әнші Қайрат Нұртасқа, танымал қазақстандық актер Әділ Ахметовқа жолдаған еді.

Ал бұдан кейін боксшы Бақтияр Артаев пен таэквондошы Арман Чилманов ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Street workout KZ бойынша бастамасына қосылды.

Акцияны кейін Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет Бейжің Олимпиада ойындарының таэквандодан қола жүлдегері Арман Чилмановтан эстафетаны қабылдап, Сочи Олимпиада ойындарының қола жүлдегері мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен және бокстан әлем чемпионы Галиб Джафаровпен бірге бейне-үндеу түсірген. Роликте спортшылар барлық қазақстандықтарды street workout-пен айналысуға шақырды.

Айта кетерлігі, бұған дейін аталған акцияға Қанат Ислам да атсалысып, эстафетаны дәл осы Ардақ Назаровқа жолдаған еді. Спортшылармен бірге эстрада жұлдыздары да, шетелдегі қазақ студенттері де белсенді түрде қатысуда.

Аян Бекенұлы.

824 рет оқылды
  • 18
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.