Қаратаудың баурайында халықаралық конференция болып өтті

Қарнақ ауылының тарихына арналған «Қарнақ – орта ғасырдағы ағартушылық пен білім ордасы» атты халықаралық конференцияға, Оңтүстік Қазақстан облысының тарихшылар және саясаттанушылар қоғамы мен Халықаралық қазақ-түрік университеті ғалымдарымен бірлесе ұйымдастырылған.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Тарихты танып зерделеу керек, сонда ұлттың тағдырын да, бүгінгі ұрпақты да танисың. Келешегіңді бағдарлап, алдағы жүрер жолыңның сілемін табасың», – деп айтқан болатын. Біз өткенімізге құрметпен қарап, болашағымызға сеніммен көз тіккен халықпыз.

Оңтүстік өңірі тұнып тұрған тарихқа бай көне мекен. Осы тарихқа бай елді-мекендердің ішіндегі ерекше көзге түсетіні, тарихы 2000 мың жыл бұрын бастау алатын Қаратау бойындағы ежелгі Қарнақ ауылы.

Қарнақ ертеден қолөнер орталығы болып саналған. XIV ғасырда Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі Тайқазан осы жерде құйылған. Бұл тек Қарнақ халқының және кентаулықтардың үлкен мақтанышы.

Сондай-ақ, Қарнақта ертеден — білімі мен ғылым дамыды. Орта Азиядағы ағартушылық пен білім ошағы да болды. Тарихқа назар аударсақ, ХІХ-ХХ ғасырдың басында Қарнақта 4 медресе жұмыс істегендігі айтылады. Олар – Қалпа медресесі, Шамухаммад Ишан медресесі, молда Хашир медресесі, Абулхайыр қазы медресесі.

Өткен ғасырларда қазақ даласының ұлы зиялы-ғұламаларының көпшілігі алғашқы сауаттарын осындағы медреселерде ашқандығы белгілі. Мұнда есімдері елге етене таныс ойшылдар Шәді Төре, Шоқан Уәлиханов, Шортанбай Қанайұлы, Бұхар Жырау, Мұсабек Байзақов (лақап аты молда Мұса), Әбубәкір Сандыбаев және Мұхтар Әуезовтің атасы Бердіқожа секілді көптеген зиялы қауым оқып, білім алған.

Қарнақ медреселерінде ерте заманнан бастап Кенесары-Наурызбайға шейін қазақ төрелері, елшілік қыз­метіне дайындалатын адамдар, сарай қызметкерлерінің балалары оқыды. Қарнақ қазаққа белгілі «зар заманның» ақыны Шортанбай Қанайұлының туған жері. Бұл дәстүр бертінге дейін жалғасқаны жә­не көптеген қазақ азаматтары осы қалашықта оқығаны қазір анықталып жатыр.

Жалпы ауыл тарихы үлкен зерттеулерді қажет етеді.

Қаратаудың қойнауына ене, тау баурайына сұғына орналасқан қалашықта ХVІІІ ғасыр зерттеушісі П.И.Рычков бар-жоғы 300 үй болды дейді. Ескі Қарнақ – төрт дарбазалы, биік қорғаны бар қышлақ болған.

«Қарнақ» атауының ғылыми этимологиясы әлі де жасалмаған, соған байланысты халық арасында кереғар пікірлер көп, «Қарнақ» атауының келіп шығуы туралы әртүрлі аңыздар, деректер кездеседі. Бұл туралы ғалымдар зерттеулерінде атап өтті.

Қалай айтсақ та, Қарнақ туралы әңгімелерден көне заманның иісі бұрқырап тұр. Мұнда зертелетін, ғылыми дәлелдемелерді қажет ететін құнды дүниелер баршылық. Конференцияға Филология ғылымдарының доктары, академик Мекемтас Мырзахметұлы тарих ғылымдарының доктары, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры Жамбыл Омарұлы Артықбаев, тарих ғылымдарының кандиданты Өзбекстан ғылым академиясының Тарих институтының ғылыми қызметкері Бахадыр Абдуллаевич Пасилов, тарих ғылымдарының доктары, ХҚТУ профессоры Мұхтар Қожаұлы, тарих ғылымдарының доктары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихшылар және саясаттанушылар қоғамының төрағасы Сейдехан Нұрмаханұлы Әлібек және тағы басқа да ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысып отыр. Зерделеулері бен зерттеулері, ғылыми дәлелдемелері бен терең ізденістері бүгінгі конференция жұмысына игі әсерін тигізері анық. Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына бір жыл толып отыр. «Рухани жаңғыру» идеясын бүкіл халық қолдап, оны жүзеге асыруға белсенді атсалысып келеді. Бүгінгі алқалы жиынның ұйымдастырылуы да осының дәлелі болса керек. Жалпы өткен бір жылда қыруар жұмыстар атқарылды, әрмен қарай да өз жалғасын табады.

Сонымен қатар біз жас ұрпақты білімді, отансүйгіш рухта тәрбиелей отырып, тәуелсіздікті  баянды ете аламыз. Бұл орайда бүгінгі ұйымдастырылып отырған шараның тигізер ықпалы зор. Шараның мақсаты Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихымызды ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеп тамыры терең тарихымызды келешек ұрпаққа аманат ету мақсатында өткізіліп отыр.

 

229 рет оқылды
  • 20
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.