«Қалтаңыздағы ХҚО»: Электронды мемлекеттік қызметтерді кедергісіз алу

Ақтау қаласының Мамандандырылған ХҚО аумағында, автокөлік базарлары, автокөлік сататын дүкендер және халық көп жиналатын орындарда «Қалтаңыздағы ХҚО» акциясы өтті, деп хабарлайды oninfo.kz ақпарат агенттігі «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ Маңғыстау бойынша филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шара барысында Egov.kz жаңа мүмкіндіктері таныстырылды. Сонымен қатар маңғыстаулықтарға Mgov.kz, телеграмдағы EgovKzBot туралы нұсқаулық буклеттер таратылды. Қызығушылық білдірген азаматтарға ЭЦҚ-ны қалай рәсімдеуге болатыны, мобильдік үкіметте тіркелу, сондай-ақ айыппұл мен салықтарды онлайн түрде  қалай төлеу керектігі көрсетілді. Автокөлік иелеріне жүргізуші куәліктерін ауыстыру және көлік құралдарын тіркеу мемлекеттік қызметтерін портал арқылы алу жолдары түсіндірілді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Маңғыстау облысы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Бағила Жарланова акцияның мақсаты – мобильдік қосымшалар мен электрондық үкімет порталының мүмкіндіктерін халыққа насихаттау екенін атап өтті.

«Халықтың электронды мемлекеттік қызметтерді  еш кедергісіз  қолдануы өте маңызды. Цифрлі жүйенің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалана білсе, бұл азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, бөлім қызметкерлерінің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Азаматтар тelegram-дағы EgovKzBot-тың тұрақты қолданушысы  болу үшін тек бір рет мобильдік азаматтар базасында тіркелуі қажет. Мұны egov.kz электрондық үкімет порталының жеке кабинетінде немесе ХҚО-да жүзеге асыруға болады. Сондай-ақ, азаматтар автокөлікті қайта рәсімдеп, мамандандырылған ХҚО-ға бармай-ақ, жүргізуші куәлігін алуына болады», – дейді Бағила Жарланова.

Айта кетейік, жыл басынан бері мобильдік азаматтар базасында 454900 астам  маңғыстаулықтар  тіркелген.  Сонымен қатар жыл басынан бері  1400-ден  астам жүргізуші куәлігі беріліп, 944 мың автокөлік тіркелді.