ҚАЙРАТ ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ: «ИМАМДАР АУЫР ЖҮК АРҚАЛАП КЕЛЕДІ»

Шымкент қаласында ішкі саясат және дін істері басқармасы және ҚМДБ қала бойынша филиалының ұйымдастыруымен «Қазақстанның дамуындағы дәстүрлі исламның рөлі» атты семинар өтті.

Семинарға елімізге белгілі дінтанушы, РһD докторы Қайрат Жолдыбайұлы және имамдар мен бір топ жастар қауымы қатысты. Басқосуды ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Әлібекқызы Бектаева жүргізіп отырды.

Имамдардың біліктілігін арттыру жөніндегі жиында Қайрат Жолдыбайұлы дәстүрлі ислам дінінің қазақ құндылықтарының қазақ қоғамы оның дамуындағы алатын орны жөнінде сөз қозғады.

–Имамның арқалаған жүгі өте ауыр. Өйткені қоғамның санасы, білімі өте жоғары. Бізге серпіліс пен өзгеріс қажет. Уағыз айтқанда тек мешіт төңірегімен шектелмеу үшін жан – жақты білімді жетілдіретін әдеби, заманауи кітап оқу керек, – деді дінтанушы.

Сонымен қатар Қайрат Жолдыбайұлы қоғамның кемелдікке жетуіне 4 жолды атап өтті.

– Кемелдікке жету жолында бірінші орында тамақтану мәдениетін қалыптастыру керек. Аз тамақтанған адамның ойы сергек, потенциалы жоғары болады. Адам тойып тамақтанған соң ағзадағы бүкіл энергия асты қорытылуға жұмсалып, қатты шаршайды. Ойы шаршау адамның ойы сергек болудан қалады, білім потенциялы төмендейді. Екіншісі – аз сөз. Сөйлеу қажет, бірақ, мәнді, мәдениетті сөйлеу керек. Көп, мәнсіз сөздер тыңдаушының уақытын алып қана қоймай, соңы өсекке ұласады, – деді дінтанушы.

Сонымен қатар, кемелдікке жетудің үшінші жолды аз үйықтауды атады. Төртінші жолы көп адамнан оңашалау қажеттігін көрсетті.

– Адамдардан оңашалау дегенде бүгінгі уақыта әлеуметтік желіні айтар едім. Қазір адамдардың басым бөлігі желі байланған. Желі біріншіден уақытты ұрласа, екіншіден бос сөз бен керексіз ақпаратқа толы. Біз бұдан арылсақ дамуға, өркендеуге бет аламыз, – деп атап өтті Қайрат Жолдыбайұлы.

Семинар соңында тыңдалымға қатысқан имамдарға сертификаттар табысталды.