АҒЫЛШЫН ТІЛІН БІЛУ – МҮМКІНДІКТЕР КІЛТІ

Кезінде ұлы ғұлама Әл-Фараби бабамыз әлемнің көтеген тілдерін білген деседі. Сол арқылы ол жұмыр жердің ең озық ойлы даналарының еңбегін еркін түсініп, ғылыми танымын арттыра түсті. Яғни, қазақ жастары ғылым мен технологияда, өмірдің сан саласында дамыған елдердегі жаңалықтардан қалыс қалмауы үшін ағылшын тілін білуілері тиіс.

Қазақстанда жалпы орта мектептерде оқушылардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерулеріне бар жағдай жасалған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мектептерде ең алдымен қазақ тіліне басымдық берілуі тиіс екенін, тек содан кейін ғана орыс және ағылшын тілдерін үйретуге болатынын айтқан-ды. Өте орынды ой. Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының міндеті. Бұл бірінші кезектегі мәселе екені даусыз. Ал одан кейні шет тілдерін меңгерген абзал. Бұл ретте ағылшын тілінің пайдасы өте мол.
Ағылшын тілі — Үнді-еуропа тілдерінің батыс герман тобына жататын тіл. Сонымен бірге ағылшын тілі — БҰҰ-ның негізгі тілдерінің бірі. Дүние жүзінің халықаралық жиындарының бәрінде ағылшын тілі қолданылады. Бұл тіл Ұлыбритания, АҚШ, Жаңа Зеландия, Австралия және өзге елдерде ана тілі, бірқатарында ресми тілі болып есептеледі.

Елімізде Назарбаев зияткерлік мектептерінде, Назарбаев университетінде ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде, өзге де жоғары және орта оқу орындарында ағылшын тілінен мамандар даярланып жатыр.

Университетке түспестен бұрын орта мектептерде шет тілін сапалы оқытудың маңызы зор. Бұл ретте ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері шәкірттерді осы салаға қызықтырып, әрбір дәрісті жоғары деңгейде өткізе білуі тиіс. Әрине, сыныптағы оқушының бәрі тілді меңгеріп кетеді дей алмаймыз. Арасында шет тіліне қызығатындары және зеректері болады. Міне, соларды ерте анықтап, дұрыс бағыт-бағдар бере білсек, ол болашақта елге қызмет ететін, әлемнің озық ойлы жаңалықтарын ой сарабынан өткізе білетін азаматқа айналады. Саясат, дипломатия, ғылым, кәсіпкерлік, жалпы барлық салада табысқа жетеді. Себебі, ағылшын тілінің араласпайтын жері кемде-кем.
Қазір елімізде «Рухани жаңғыру» бағларламасы бойынша ең таңдаулы кітаптар қазақ тіліне аударылып жатыр. Өте керемет бастама. Енді қазақтың әдеби жауһарларын, жаңалықтарын, тарихын да ағылшын тіліне аударатын кез жетті. Бұл игі істі қазіргі оқушылар – болашақ ағылшын тілін еркін меңгерген мамандар атқарады.

Алия АЛИАКПАРОВА,
Ордабасы ауданы, С.Сейфуллин жалпы
орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі.

114 рет оқылды