А.Мамин Шымкентті дамытуға қатысты бірқатар тапсырмалар берді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мегаполиске жасаған іссапары барысында қойған нақты міндеттер аясында әзірленген Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасы қаралды.

Кешенді жоспардың негізгі бағыттары мен іс-шаралары туралы Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымов баяндады. Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов Кешенді жоспарды іске асырудың қала және жалпы ел экономикасы үшін күтілетін әлеуметтік-экономикалық әсері туралы баяндады.
Кешенді жоспарда барлық іске асыру кезеңінде жалпы 1 трлн теңгеден астам сомаға 89 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған, оның ішінде 836 млрд теңге (65%) – жеке инвестициялар есебінен, 68 млрд теңге – МЖӘ арқылы. Бұл құжатты іске асыру қала аумағын ықшам салуды және оңтайландыруды, инфрақұрылымды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді, сондай-ақ тұрғындар үшін қолайлы және ыңғайлы жағдайлар тудырады.
«Шымкент — Қазақстанның өнеркәсіптік, сауда-саттық және мәдени орталықтарының бірі», — деді ҚР Үкіметінің басшысы және қаланы одан әрі дамытуды қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Кешенді жоспарды жүзеге асыру инвестициялардың көлемін бес жылдың ішінде 1 трлн теңгеге дейін жеткізу үшін жағдайлар тудыруға мүмкіндік береді. Инвестициялық әлеуетті дамыту мақсатында жаңа «Жұлдыз» және «Шымкент агро» индустриялдық аймақтарының құрылысын қамтамасыз ету, «Оңтүстік» АЭА территориясын ұлғайтуды қамтамасыз ету тапсырылды.