СЕНАТОРЛАР АЗАМАТТАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІМЕН ҚАБЫЛДАДЫ

👁‍🗨  

Шымкент қаласына ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова іссапармен келді. Сенаторлар бүгін әкімдіктің кіші мәжіліс залында Шымкент қаласының тұрғындарын қабылдады. Сондай-ақ қоғамдық қабылдауға Шымкент қаласының салалық басқарма басшылары, аудан әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты.

Қабылдауға келгендердің басты мәселелері тұрғын үй және жұмыспен қамту, жер кезегі, заңсыз құрылыс жайлы болды. Сенаторлар қабылдауға келген азаматтарға үй, жер проблемалары бойынша тек өз кезегімен, заң жүзінде шешілетінін түсіндірді. Жұмыс мәселесін көтергендерге Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшылығына мүмкіндігінше тездетіп шешуді жүктеді.

Сенат депутаттары Айгүл Қапбарова мен Нұрлан Бекназаров қабылдауға келгендердің мәселелерін тыңдап, барлық арыз-шағымды жазбаша қабылдап алды. Азаматтардың арыздары жеке назарда болатынын жеткізді.